Алматы облысында ұрланған шетелдік өзін-өзі құтқарды

Алматы облысында адам ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Өзбекстан азаматы өзін біреулердің еркінен тыс алып бара жатқаны туралы қағазға жазып, оны Жамбыл облысы аумағындағы жанар-жағар май құю бекетіне тастап кеткен. Хабарлама тәртіп сақшыларына жеткен бойда Алматы облыстық полиция департаменті жедел іздестіру шарасын ұйымдастырған.

Алматы-Бішкек тас жолы бойындағы Самсы селосы маңайында күдік тудырған «Хонда» автокөлігі тоқтатылған. Тексеру кезінде көліктегі бес адамның бірін еркінен тыс алып бара жатқаны белгілі болды. 

Ерлан Мухамедяров, Алматы облыстық ПД, батальон командирі:

– Жедел іздестіру шаралары барасында «Борт 25» инспекторлары «Алматы-Бішкек» автожолының 76-шақырымында «Хонда» автокөлігін анықтап, жәбірленуші және күдікті тұлғаларды құрықтады. Күдікті тұлғалар Жамбыл ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.