Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-де қазақстандықтар тегін медициналық оңалтудан өте алады

Операциядан кейін науқастың аяғынан тез тұрып кетуіне мүмкіндік беретін негізгі процесс оңалту болып саналады. Оңалту шаралары қаншалықты уақытылы жасалатын болса, адам соншалықты жылдам сауығады. Сондықтан Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты пациентке жүрек-қан тамыры жүйесін қалпына келтіруге арналған іс-шаралар кешенін қабылдауды ұсынады, деп хабарлайды Хабар 24.

Миокард инфаргі, инсульт сынды ауыр кардиологиялық дерттен жазылып шыққан адамдарға оңалту көмегін дұрыс таңдаған маңызды. Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында пациенттерге қосымша психологиялық көмек те көрсетіледі. Ол ағзаға операциядан кейінгі қауіпті факторлардың әсерін азайтады. Институтта тегін медициналық оңалтудан Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары өте алады.

Рашид Азизов, психотерапевт:

– Пациенттер өзара пікір алмасып, өздерінің ерекше дертпен ауырмайтынына көз жеткізеді. Басқа адамдардың осы ауруды жеңіп шыққанын естіп, олардың тәжірибесін көрген соң өздерінің көңіл-күйін жақсы ұстауға дағдыланады. Олар дәрінің көмегінсіз ұйқысын қалай қалпына келтіруді үйренеді. Себебі ұйқы кардиопациенттер үшін ең маңызды көмектің бірі.

Кардиологиялық оңалту дегеніміз ол арнайы іс-шаралардың кешені. Оған емдік дене шынықтыру, мөлшерленген жаяу жүріс, велотренажердағы жаттығу кіреді. Мұнда массаж және физиоемдеу кабинеті бар. Ауруханада маңызды психологиялық көмек тек пациенттермен шектелмейді. Пандемия кезінде эмоционалды шаршамас үшін өз қызметкерлеріне де көмектесуді ұйғарған.

Рашид Азизов, психотерапевт:

– Институт басшысы Роза Тоқтанәліқызы әріптестерімізге, медициналық қызметкерлер мен дәрігерлерге арналған бағдарлама жасауды тапсырды. Бұл қызметкерлерді релаксация жасауға, өз-өзінің эмоциясын реттеуге арналған бағдарлама. Қосымша демалыс, бойға күш жинау, қызметкердің еңсесін тіктеп тиімді және сапалы жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына пациенттер оңалтудан өту үшін екі рет келеді. Алғашқысы операциядан кейін бірден басталады. Содан соң екінші рет қайтадан апталық курсқа келеді.

Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон