Петропавлдағы төрт мектепке қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері беріледі

Петропавлда 4 мектеп енді Смағұл Сәдуақасовтың, Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының және Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімдерімен аталады, деп хабарлайды Хабар 24 Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің қаулысы ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды. Өңірдегі мектептерге алаш қайраткерлерінің есімдерін беру туралы Солтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының ұсынысы Үкіметте қаралып, қолдау тапты. Тиісті құжат ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланып, көптің талқысына ұсынылды. Қоғамдық талқылау 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін жалғаспақ. Құжатқа сәйкес Петропавл мектептеріне Алаш қайраткерлерінің есімдерін беру туралы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты 7 шақырылымының кезектен тыс өткен сессиясында шешім қабылданған еді.