Түркістан облысының оқу орындарында мерекелік кеш өткізуге тыйым салынды

Өңірде Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіп нысандарына мерекелік және отбасылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.

Ал Ashyq жобасымен жұмыс істейтін нысандарда салтанатты, естелік, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды 100 орыннан артық емес және 50 проценттік толымдылықпен өткізуге рұқсат беріледі. Түркістан облысының бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов жаңа жыл қарсаңында облыс көлемінде карантин талаптарын қатаң сақтау қажеттігін айтты. «Нысандарда қатаң маскалық және дезинфекциялық режимді қамтамасыз етіп, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз «жасыл» мәртебесі болуын қадағалау керек», – деді Нұрбек Садықбекұлы. Сондай-ақ өңірде мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Тек жекеленген сыныптар мен топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі. Бірақ ата-аналардың қатысуына тыйым салынады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы басталғалы 329 бала мектепте коронавирус инфекциясын жұқтырған.