Ақмолалық шаруалардың ветеринария қызметіне көңілі толмайды

Себебі құжат алу кезінде қиындық өте көп, деп хабарлайды Хабар 24.

Шаруалардың айтуынша, қағазбастылық кәсіпті дамытуға кедергі келтііп отыр. Бурабай ауданының Жасыл ауылында мал ұстайтын жеке кәсіпкер Ернұр Қызыржан ветеринарлардың әрекетінен әбден шаршағанын айтады. Бір құжат алу үшін бірнеше күн жүріпті. Одан бөлек, сиырдың сырғасы мен төлқұжаттары да уақытында берілмеген. Салдарынан малдың өзінкі екенін дәлелдей алмай, айыппұл төлеген. 

Ернұр Қызыржан, жеке кәсіпкер:

– Өз малыңды сойып алып, құжатсыз барсаң, жолда гаи, милициялар ұстап алып, айыппұл салады. Бұл өте үлкен қиындық. Қораңыздағы 5-10 сиырыңызды мал базарға тікелей апарып өткізе алмайсыз етін. Біріншіден, тәртіп бойынша «форма-1» деген қағаз сұрайды. Заң солай белгіленген. Сен оны алып, оны ет соятын жерге апарасың, олардан «форма-2» деген қағазды алып, сосын барып етіңді өткізе аласың.

Жығылғанға жұдырық, саланың деректер базасы да дұрыс істемейді, – деп ашынады шаруа. Бір бас малдың етін өткізу үшін, бірнеше күн әуре-сарсаңға түсетінін айтады. Көкшетау қаласының іргесіндегі Садовое ауылында тұратын Нұрбол Зинатбек те мал дәрігерлерінің қызметіне наразы. 40 бас ірі қарасы бірнеше жыл бойы жалған құжатпен жүрген. 

Нұрбол Зинатбек, Садовое ауылының тұрғыны:

– Мен бір ауылға көшіп барғанмын. Сол барған кезде ол жақтың врачтары келіп, малыңның құжаттары дұрыс па, қан алынды ма? – деп тексеріп келді. Мен жасап берген документтерін көрсеттім. Бәрі дұрыс, қан алынған. Сонымен малдарымды тексеріп көріп, құлағындағы сырғалардың бәрі қате, біреуі де шықпаған, маған жалған құжат беріп, жолға салған. Біз оны айттық. Сөйтіп едік, біздің компьютер бұзылып қалған. Компьютерге енбеген базаға деп осындай жоқ сылтауларды айтты.

Шаруа құжаттарды қайтадан дұрыстатып алған. Кәсіпкерлердің шағымын айтып, облыстық ветеринария басқармасына бардық. Сала басшысы да мұндай келеңсіздіктер  жүйедегі кемшіліктен деп отыр. 

Талғат Жүнісов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Биылғы жылы біз ол сырғаның қалдығымен жұмыс істедік, рас. Биыл жоғары жақтан сырға берілген жоқ. Бұрын ол сырғаны республикалық противоэпизетический деген бар бізде, комитеттің төңірегінде. Сол ұйым бізге қамтамасыз ететін еді. Енді бұл да жаңа реформа бойынша жергілікті жерге біздерге берілуі тиіс. Сол кезде бұл жұмыспен біз өзіміз айналысатын боламыз.

Осылай деген аймақтың бас мал дәрігері, ветеринарларды ақтап әлек. Анықтаманың бірнеше күн дайындалатын себебі деректер базасының ескіруінен, –дейді ол. Одан қалды облыста мал дәрігерлері жетіспейді. Бұл да жұмыстың жүйелі жүруіне кедергі.

Айтуынша, саладағы біраз мәселені реттеу тек жоғарғы жақтың құзырында. Өзі бірнеше рет хат жолдапты. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный