Қостанайда мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жоқ

Паралимпиадашылар арнайы спорт зал іздеп әлек. Бес жыл бұрын мамандандырылған клуб ашылған. Бірақ онда толық жағдай жасалмаған, деп хабарлайды Хабар 24.

Параспортшылардың кейбірі қаладағы мектеп пен фитнес залдарды жағалауға мәжбүр. Анар Аханова зілтемірді оңай еңсереді. Нәзік қыз пауэрлифтингке бес жыл бұрын ден қойған. Әуел баста темір көтеруді ермек деп білді. Уақыт өте келе үздік нәтижелер көрсетіп, спортта биік шыңдарға көтерілді.

Анар Аханова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Бас кезінде қиын болды. Құр грифтің өзін әзер көтеретін едім. Ол кезде жасым 19-да болатын. Қазір үйреніп кеттім. Әр жаттығу сайын зілтемірге салмақ қосып, өз рекордымды жаңартуға тырысамын.

Анармен бірге тағы екі қостанайлық спортшы паралимпиададан ұлттық құраманың мүшесі. Қазір олар әлем чемпионатына тыңғылықты дайындық үстінде. Жаттықтырушының айтуынша, шәкірттерінің жеңіске деген ұмтылысы жоғары.

Дмитрий Царенко, пауэрлифтингтен облыстың бас бапкері:

– Жаттығу барысында барлығы күш-жігерін салады. Жарыстарда жеңіске жетсе, одан да үздік нәтиже көрсетуге құлшынып тұрады. Олардың өмірге деген ұмтылысы ерекше.

Облыстық мүгедектер спорты клубында 200-ден аса адам жаттығады. Онда 17 спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Алайда сөз жүзінде ғана. Пауэрлифтинг, теннис, күрес, шаңғы спорты үшін бейімделген зал жоқ. Бұның бәрі ыңғайсыздық тудырады.

Абзал Валиев, мүгедектер спорт клубының директоры:

– Шаңғышылар, теннисшілер, палуандар кәсіби спортшылармен  жаттығады. Яғни олармен зал бөлісуге мәжбүр. Жаттығулары болмайтын кезде залды біз үшін босатады. Сондықтан алдын-ала келісіп аламыз.     

Жергілікті билік бөлек ғимарат үшін жер телімін белгілеп қойған. Бірақ клубтың меншігіне әлі өтпеген. Ал оның құрылысы қашан басталатыны беймәлім. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров