Оралда үшем дүниеге келді

Дәрігерлер 28 жастағы келіншекке кесарь тілігін жасап, аман-есен босандырған, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір ана мен шақалақтардың жағдайы жақсы, дейді мамандар. Жалпы биыл 37 үшем дүние есігін ашыпты. Өмірге келген егіздер де көп. 10 айда үш мыңнан астам отбасында қос қуаныш болыпты. Оралдық Айгүл Асқарова алғаш рет құрсақ көтеріп, дүниеге үшем әкелді. Нәрестенің үшеуі де қамшы ұстар. Былтыр шаңырақ құрған ерлі-зайыпты Шыңғырлау ауданында тұрады. Жаңа жыл қарсаңында мол бақытқа кенелген жастардың қуанышында шек жоқ. Үшемге Айбын, Айдын, Омар деген есімдер қойған.

Айгүл Асқарова, үшемнің анасы:

– Әулетімізде егіз болған. Ал үшем мүлде болмаған. Балаларымның денсаулығы жақсы. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Маған медициналық көмек көрсетіп, үнемі назарда ұстаған дәрігерлерге алғысым шексіз.

Әсел Нығметова, облыстық перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі:

– Бірінші баланың туғандағы салмағы 1 келі 780 грамм, екінші баланың салмағы 1 келі 705, үшінші балада 1 келі 735 грамм. Қазір жағдайлары жақсы. Аналарының қасында. Анасының да жағдайы жақсы. Осы жылдың 11 айында перинаталды орталық бойынша 6 425 бала дүниеге келді. Соның тоқсаны – егіз, үшем – біреу.

Хабар 24 арнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы әрі спорт тілшісі Қанат Базылхан 16 желтоқсан күні егіз баланың әкесі атанды. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, ел-жұрт түрлі марапатқа ие болған кезде, Жаратқан отбасыма керемет сый жасады» дейді ол. Елдің көзі мен сөзінен қорғау үшін бөбектерінің есімдерін біразға дейін жасырып келген екен. Бірақ сұхбат кезінде егізіне қойылған есімдерінің мәнісін айтып берді.

Қанат Базылхан, «Хабар 24» арнасының редакторы:

– Осы қазақ журналистикасының, спорт журналистикасының ақтаңгері. Менің ғана емес, бүкіл «Хабар 24» арнасындағы қыз-жігіттеріне аға болған, ұстаз болған марқұм, биыл ғана жаман індеттен көз жұмған Амангелді Сейітханұлының құрметіне, әкемнің сұрауы бойынша Амангелді деп қойдық. Енді екеу болғаннан кейін қасына ұйқас болсын деп Амангелді ағамыздың жақындарына, үйдегі жеңгейге арнайы хабарласып, осындай ниетіміз, ойымыз бар екенін айтып, алдарынан өтіп, солардың рұқсатымен, сол кісілердің сұрауымен Хангелді деп қойдық.

Биылғы жылдың 10 айында 3 542 егіз, 37 үшем дүние есігін ашқан. Қараша, желтоқсанның есебі енгізілген кейін бұл сан дерек әлі де жаңарып, былтырғы жылдың көрсеткішінен асуы мүмкін. 2020 жылы 1 төртем, 57 үшем және 4 111 егіз нәресте отбасыларын ғана, емес күллі Қазақстанды қуанышқа бөледі. Өйткені мұндай өсім елдің демографиясына оң ықпалын тигізетіні баршаға аян.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Жандос Сұлтанғазы