Шымкентте жаңа жылдық шырша шамы жағылды

«Армандар жұлдыздай жарқырасын!» атауымен ұйымдастырылған шараға жергілікті әншілер мен театр өнерпаздары қатысты. Қала тұрғындары жаңа қойылым тамашалап, мерекелік көңіл-күйге бөленді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бас шыршаның биіктігі – 18 метр. Жаңа жыл мерекесінің нышаны түрлі ойыншықтармен, үлкен шарлар және жарықдиодты шамдармен безендірілген. Ұйымдастырушылар мерекенің сәнін айшықтап көрсету үшін жаңа авторлық дизайнға сүйенген. 

Ханзада Есенова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:

– Жалпы індетке қарамай халықтың бәрі осындай керемет мерекелерді сағыныпты. Әсіресе біздің балалар. Біз де енді қар жоқ болғанымен, бірақ көңіл-күй дұрыс болуы керек. Сол үшін қала тұрғындарына авторлық жобамен жасалған мафтар бүгін өзінің керемет бейнесін көрсетіп жатыр.

Ерекшелікті қалаған ұйымдастырушылар бұл жолы Аяз ата мен Ақшақарды ғана шақырумен шектелмеді. Қалалық қуыршақтар театрының әртістері ертегі әлеміне тап болғандай әсерге бөледі. Жыл атаулары мен жарықдиодты алып қуыршақтар алаңда шеру өткізді. 

Одан бөлек қаланың әр аймағына жетпіске жуық фотоалаң орнатылды. Әсем безендірілген шыршаларды, шағын сәулет нысандары мен жаңажылдық түрлі элементтерді де көруге болады. Жаңа жыл жақындаған сайын қала тұрғындары тамашалайтын қызық та көбейді.

Ләззат Мүсілім, қала тұрғыны:

– Алла бұйыртса, алдағы уақытта өте керемет күй мен денсаулығымыз мықты болсын дегім келеді. Мына пандемия дегеннен құтылып, 2022 жылы барыс жылы күш-қуатымен келсе екен деймін. Мына жасалған дүниенің барлығы өте ғажап, ертегі елі сияқты.

Бақытжан Қаюов, қала тұрғыны:

– Келе жатқан жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға шаттық, бақыт тілеймін.

Ұйымдастырушылар мереке күндері қаладағы жиырма бір мәдениет мекемесі өзінің ең үздік бағдарламаларын әзірлеп, көрермен назарына ұсынатынын айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов