Бурабайдағы қариялар жазда жүгіріп, қыста шаңғы тебеді

Қарттардың алды 90-ға таяған. Жергілікті спорт клубы мамандарының айтуынша, олар өте тың әрі белсенді. Жас шамаларына қарамастан түрлі жарыстарға қатысып, жастарға тәлім-тәрбие мен жігер беруден шаршаған емес.

15 жасынан спортты жанына серік еткен Щучинск қаласының тұрғыны Анатолий Дараган қазір 87 жаста. Алайда әлі күнге дейін спорттан қол үзбей келеді. Алғашында хоккеймен айналысқан қария, кейіннен шаңғыға көшіпті. Жас күнінде талай байрақты бәсекелерде топ жарған қарт спортшы қартайған шағында да қатардан қалған жоқ. 

Анатолий Дараган, спорт ардагері:

- 1994 жылдан бері мен 10 рет әлемдік додаларға қатыстым. Оның ішінде Германия мен Финляндия еліндегі жарыстарға екі реттен бардым. Швеция, Швейцария мен Италияны да көрдік. Бұл спорт шеберлері арасындағы әлем кубоктері болатын.

Анатолий ақсақалды жергілікті спортшылар «Темір адам» деп атайды. Қыста шаңғы теуіп, жазда жүгірумен шұғылданатын жігерлі жаннан спортпен шұғылданудың қыр-сырын емес, ұзақ өмір сүрудің құпиясын сұрадық.

Анатолий Дараган, спорт ардагері:

- Егер ұзақ өмір сүріп, денім сау болсын десеңіз, үнемі қозғалыста болыңыз. Жүріңіз, жүгіріңіз, шама келсе шаңғы теуіп, жүзумен де айналысыңыз. Мәселен, мен осы уақытқа дейін жүгіргенім бар, шаңғымен жүргенім бар, бас-аяғы жарты миллион шақырым жол жүріппін. Жазда күніне 40 шақырым жерді роликпен жүретін кездерім де болады.

Қариялардың қатарында спортқа бүкіл отбасымен ден қойғандар да бар. Солардың бірі Анатолий және Галина Гонаголар. Жасы 70-ке таяған қарт спортшылар «салауатты өмір салты біздің өмірімізге айналып кетті» дейді. 

Галина Гонаго, зейнеткер:

- Егер спорт болмаса, біз осы уақытта мүмкін беліміз бүкірейіп жүрер ме едік. Салауатты өмір салты осы жасымызда осылай еңсеміздің тік ұстап жүруге көмектеседі. Ал жаттығу жасамай қалған күндері бірдеме жетіспей тұрады. Ақырындап ауыра бастайсың. Сондықтан өзімізді спортсыз елестете алмаймыз. 

Шаңғыға қонған егде жастағы жандар онымен жәй жүріп қоймайды, түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп, кәнігі спортшы секілді жаттығады. Ал олардың табандылығы мен төзімділігіне жастар жағы еріксіз тәнті. 

Полина Саутиева, спортшы:

- Бұл кісілер бізді жігерлендіреді. Мен де қартайғанда олар секілді белсенді болсам арманым жоқ еді. Қарымды қариялардың қасында жүргенде олардың күш-қуаты кәдімгідей сезіледі. Олар осы жүргенде спорттың үлкен насихатшысы боп жүр. 

Қартаймаған қариялардың жанында жүрген клуб мүшелері елімізде спортпен айналысатын зейнеткерлерге көп көңіл бөлініп, жағдай жасалса, олардың арасында түрлі деңгейдегі жарыстар жиі ұйымдастырылса дейді. Өйткені бұл олардың одан әрі белсенді бола түсуіне жол ашпақ.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко