Алматы полициясы пайда қуғандар шыршаны кеспеуі үшін рейд жүргізіп жатыр

Алматыда шырша саудасы қызып тұр. Дүкендер мен базарлардан қылқан жапырақтының неше атасын табасыз. Бағасы да әр алуан. Ең бастысы, сатушылар жылдан жылға табиғи шыршаны қолданушылар қатары азайып келе жатқанын айтады. Дегенмен, тәртіп сақшылары пайда қуғандар шыршаны кеспеуі үшін арнайы рейд жүргізіп жатыр.

Жаңа жыл қарсаңында қаладағы көрініс пен сұраныс та өзгереді. Орталық көшелерге үлкен шыршалар қойылып, түнгі қала ертегі кейіпке енеді. Базарлардың және гүл сататын дүкендердің тауары шыршалармен және мерекелік сыйлықтармен толыға түседі. Сегіз жылдан бері гүл сатумен айналысатын Диляра Усманова желтоқсан айында шырша сатуды да әдетке айналдырған.

«Өйткені табысы жақсы», - дейді кәсіпкер.

Диляра Усманова, кәсіпкер:

- Мен тек табиғи шыршаларды ғана сатамын. «Жаңа жыл кезінде табиғи шыршаны таңдайтын тұрғындар мерекенің шынайы болғанын қалайды» деп ойлаймын. Өйткені одан жаңа жылдың иісі шығып тұрады. Жасанды шыршаны сатып алатындар да көп шығар.

Тәлімбақта өскен, иісі аңқып тұрған ең кішкентай сұлу шырша 3 мың теңгеден басталады. Жасанды шыршаның бағасы да бұдан кем түспейді. Бойы биік, көлемі үлкен, сапасы жақсы болса құны да қымбат. Қайсысын аламын десе, әркімнің қалауы біледі. Әйтеуір саудагерлердің айтуынша, жыл санап табиғи қылқан жапырақтыларға деген сұраныс азайып келеді. Алматылықтардың бірнеше күндік көңіл-күйді емес, экологияға мән беретіні қуантады.

- Жасанды шырша алсаң келесі жылы оны қайтадан құрасың. Ал таудың етегіндегі, қалалардағы алса ол табиғатқа деген адамның аяусыздығы деп айтамын.

- Нағыз жаңа жылдық көңіл-күй болуы үшін тірі шырша сатып алуға келдім. Бірақ мен тамыры барын сатып аламын. Мереке өткен соң оны аулаға егіп қоямын.

- Ол жасанды болсын, тірі болсын бәрібір жаңа жылдың белгісі емес пе ол? Әрбір адам кесе беретін болса – ол табиғатқа зиян. Одан кейін ол ертесі күні керек емес, қоқыс болады.

Жаңа жыл жақындаған сайын құқық қорғаушылар тексеру шарасын күшейткен. Мұндағы мақсат мерекелік сұранысты пайдаланып, жасыл желекті заңсыз сатудың алдын алу. Әсіресе ұлттық парк аумағына кіріп шығатын көліктер жіті тексеріліп жатыр.

Қуаныш Жайсаңбаев, Бостандық АІІБ бөлім басшысы:

- 17 желтоқсаннан бастап Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне кіретін жолдар күшейтілген бақылауға алынды. Мұнда арнайы экипаж тәулік бойы бақылайды. Бұл іс-шара 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Әзірге заңсыз шырша кесу фактісі анықталған жоқ. 

Қылқан жапырақтыларды заңсыз кескендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғаларға 50, ал заңды тұлғаларға 150-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Базарлар мен дүкендерде сатылып жатқан табиғи шыршалардың тәлімбақта өсірілді деген арнайы сертификаты мен рұқсат қағазы болуы тиіс.

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев, Эдуард Кон