Алматыда «Алтын орда» базары маңындағы эстакада пайдалануға берілді

Бүгін «Алтын орда» базары маңындағы «Алматы-Райымбек» учаскесінде жаңа бас магистральды эстакада пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Автожол учаскесінде басты магистральды эстакада, «таға» үлгісіндегі бұрылыс эстакадасы, Ақсай өзені арқылы өтетін көпір және жерүсті жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Сонымен қатар транзиттік, қоғамдық және жергілікті көліктер үшін 4 шақырымдық инженерлік коммуникациялар қайта орнатылып, 10 жолақты жол салынды. Жобаға 200-ден астам жұмысшы мен 50 техника, оның ішінде монолитті аралық құрылыс жұмыстарын қамтуға арналған күрделі жабдықтар тартылды.

«Алтын орда», «Барлық» базары мен «Молл Апорт» сауда - ойын-сауық орталығының орналасқан жерін ескерсек, эстакадада қозғалыстың ашылуы жол учаскесінің өткізу қабілетін арттырып, халыққа қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар азаматтардың бизнес жүргізуі үшін инфрақұрылым проблемаларын шешуде оң әсер етеді.