Жамбыл облысында отыз екі әлеуметтік дүкен жұмыс істейді

Жуырда Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин Жамбыл облысының әлеуметтік азық-түлік бағасын реттеудегі тәжірибесін өзгелерге үлгі ретінде ұсынып, таратуды айтқан болатын. Бұл ретте облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ашылған 32 әлеуметтік дүкенді айрықша атап өту керек. Оның 17-і Тараз қаласында орналасқан. Ондағы тауар құны нарықтағы бағадан шамамен 30 процентке арзан. Жуырда облыс орталығында ең үлкен тағы бір әлеуметтік дүкен ашылды.

Қаладағы ең үлкен әлеуметтік дүкен осы, аумағы шамамен 430 шаршы метрді алып жатыр. Бұл жерден әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарды базар бағасынан әлдеқайда арзанға алуға болады. Мәселен, нан 80 теңге, жоғары сұрыпты ұнның әр келісі 210 теңге. Сауда нүктесі бағаны тұрақтандыру мақсатында ашылған. 

Рахат Әшімов, «Әлеуметтік дүкендер» ЖШС басқарушы директоры:

– Барлық тауарларымыз күнделікті жеткізіліп отыр. СПК тарапынан дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері әкеледі. Қалған уақытта қалған тауарды өзіміз жеткізіп, толықтырып жатырмыз. Әрі іші, өздеріңіз көргендей, үлкен, кең. Халыққа өте ыңғайлы.

Әлеуметтік дүкендердің көпшілігі заманауи үлгіде салынған. Сауда нүктелерінде күнделікті тұтынатын тағамның барлығы бар. Меруерт Мырзалимова – әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұтынушысы. Өзге орындармен салыстырғанда мұнда анағұрлым арзан, – дейді.

Меруерт Мырзалимова, қала тұрғыны:

– Әлеуметтік дүкен ашылғалы жақсы болды. Үйіміздің жанында, бағасы өте қолайлы, қолжетімді. Барлық тауар бар. Біз күнде осы жерден аламыз керекгімізді. Осындай дүкен ашқанына рахметімізді айтамыз.

Максим Кузьмин, «Тараз» ӘКК» АҚ Тұрақтандыру қорын басқару департаментінің бас маманы:

– Әлеуметтік дүкендегі азық-түлік құны нарықтағы бағадан шамамен 30-40 процентке арзан. Ал қант бағасы тіпті, 45 процентке төмен. Аймақтық тұрақтандыру қоры бұл дүкендер арқылы тек өз тауарларын ғана емес, басқа да азық-түлік түрлерін сатады.

Мамандардың айтуынша, келесі жылы өңірде тағы үш бірдей заманауи үлгідегі әлеуметтік дүкен салынбақ.

Ардақ Асылханұлы, Анастасия Сүлейманова