Қарағанды облысында Қажымұқанның ізін жалғаған қарт тұрады

Қарағанды облысының 65 жастағы тұрғыны Қажымұқанның ерлігін қайталауға ниетті. Алшынбай Мұқышев арматура темірді оңай майыстырып, тастарды саусағымен шертіп қақ бөледі. Қарт спортшы йоганы да еркін меңгерген. 

 

Басымен тас жаратын Алшынбай атайды ауылдастары «Темір адам» тіпті «Терминатор» деп атап кеткен. Осы спортты игергеніне 25 жыл болыпты. Қазір турникке де шығады, кір тасын да көтереді. Темір мен тасты да тас-талқан етеді. Сөзге сараң, нағыз істің адамы. Құрылыс саласынан да хабары мол. Қажымұқанға еліктейтінін жасырмайды.

Алшынбай Мұқышев, зейнеткер:

– Қажымұқан атамыз сиырға дейін көтерген ғой. Күш өнері. Соны естіп өскенбіз. Олар кеудесіне тас сындырып, үстінен көлік өткізген. Соны естіп жасағаным ғой. Тыныс алу ғой, медитация, йога деп жатады, сол йоганың бір түрі.

Ақжал ауылында ақсақалды бәрі құрметтейді. Аз ұйықтап, көп еңбек ететін ақсақал таң атысымен жұмысқа кірісіп кеткенді ұнатады екен. 16 келілік кір тасын шынашақ саусағымен 10 рет көтереді. Оны ауыл жастары да үлгі тұтады.

Шәкен Әбжанов, ұлы:

– Ол кісі Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп аталардың кітабын көп оқыған. Солардың өнерін қайталаймын дейді. Қазір жастарға өнеге болсын деп қайталағысы келеді. Басты мақсаты солай болған. Әкеміз қарапайым адам. Беталды елге көрініп, суретке түскісі де келмейді.

Қарттың тау қопарар қайраты еріксіз таңқалдырады. Алып күш иесі білегімен темірдің талайын майыстырған. Бұл үшін оған санаулы секунд  жеткілікті. Қырыққа жетпей сүйектері сырқырап, алғашқы ауру белгілері басталғанда, осы ауыр спортпен шұғылдана бастаған. Қазір жасы 65-ті алқымдаса да, денесі шымыр, жүрісі нық. Бойында қуаты барда спорттан алыстамақ емес.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев