Ақтауда Аймағамбетовке ескерткіш-бюст орнатылды

Ақтауда ҚР Еңбек сіңірген энергетигі Майлыбай Аймағамбетовке ескерткіш-бюст орнатылды.

Биыл облыс тұтынушыларына электр энергиясын тасымалдауды қамтамасыз ететін ірі энергия таратушы кәсіпорын «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ 55 жылдығын тойлап жатыр. Кәсіпорынның мерейтойына және ҚР Энергетика күніне орай өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «МӨЭК» АҚ жұмысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Шара барысында Нұрлан Ноғаев өңірлік диспетчерлік орталығына барып, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Аймақ басшысы жиналғандарды ҚР Энергетика күнімен құттықтап, олардың ел экономикасын дамытудағы елеулі еңбегін атап өтті.

– Энергетика саласы- әлеуметтік сала мен индустрияны қозғаушы күш, экономиканың негізі. Сіздер біздің аймақтағы энергетикалық ресурстардың көзін игеріп, саладағы алып кәсіпорындардың іргесі қаланып, дамуына ықпал еттіңіздер. Сіздерді тек маңғыстаулық емес, қазақстандық энергетиканың өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Экономиканың барлық саласының дамуы осы салаға тікелей байланысты және сіздердің табысты еңбектеріңіз - мемлекетіміздің гүлденуіне негіз болады, – деді облыс әкімі.

Нұрлан Ноғаев «МӨЭК» АҚ бірқатар қызметкерін «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісімен және алғыс хатпен марапаттады.

Сондай-ақ марапаттау рәсіміне «Энергетиктер кәсіподағының федерациясы»ның Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Бекбас та қатысты. Ол кәсіпорын энергетиктеріне жоғары кәсібилігі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін наградаларды табыстады.

Шара барысында«Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ аумағында Қазақстан Республикасы мен ТМД еңбек сіңірген энергетигі Майлыбай Әминұлы Аймағамбетовке арналған ескерткіш-бюст салтанатты түрде ашылды.

Ашылу салтанатына өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, «МӨЭК» АҚ топ-менеджменті, сала ардагерлері және М. Аймағамбетовтың туыстары қатысты.

Майлыбай Аминұлы еңбек жолын инженерден бастап, «МӨЭК» АҚ Президентіне дейінгі жоғары лауазымда жұмыс істеді. Оның жалпы еңбек өтілі шамамен 40 жыл. Ол бірқатар басшылық қызмет атқарды. Сонымен қатар, ол Маңғыстау облысының қоғамдық өміріне де белсене атсалысты. Мәселен, оның бастамасымен 2005 жылы Маңғыстау ауданындағы «Отпан-Тау» тарихи-мәдени кешенін электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінже облыс тұрғындары мен қонақтары жыл сайын Амал мерекесін тойлау мақсатында «Отпан-Тау» басына жиналады. 2009 жылдан бастап Майлыбай Аймағамбетов Ақтау қаласының ардагерлер кеңесіне төрағалық етті, ал 2014 жылы «МӨЭК» АҚ Ардагерлер кеңесін басқарды. 2015 жылдың 28 шілдесінде Майлыбай Әминұлы дүние салды. 2016 жылы «МӨЭК» АҚ басқармасының шешімімен М. А. Аймағамбетовтың есімі 110/10 кВ «Ақшұқыр» қосалқы станциясына берілді. Сондай-ақ, оның өмірі ме неңбек жолы туралы естелік кітап жарыққа шықты.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев энергетика саласында жұмыс істейтін әр азаматтың еңбегіне жоғары баға беріп, жұмыстарына табыс тіледі.