ШҚО-да 200-ден астам адамның жеке куәліксіз жүргені анықталды

Көші-қон қызметінің мамандары жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүрген, сондай-ақ 1974 жылғы КСРО паспорттарын уақтылы алмастырмаған адамдарды анықтауды жалғастыруда, деп хабарлайды Хабар 24 Алтайньюс сайтына сілтеме жасап.

ШҚО Полиция департаменті өкілдерінің сөзінше, құжаттардың болмауы бірінші кезекте әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, медициналық көмек ала алмайтын азаматтың өзіне қолайсыздық тудырады.

Жыл басынан бері жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүрген 200-ден астам адам Қазақстан Республикасының азаматтары болып танылды.

– Өскемен қаласының полиция басқармасына Атырау облысы Гурьев қаласының тумасы, 69 жастағы әйел жүгінді. Ол 1953 жылы ата-анасымен Өскеменге көшіп келген. Сонда орта мектепті бітіріп, тұрмысқа шығып, балалы болған. Алайда бүгінгі дейін 40 жылдан астам уақыт бойы 1974 жылғы төлқұжатымен өмір сүріп келген. Қазір баспанасыз жүр және балаларымен байланысын жоғалтқан. Көші-қон қызметіне жүгінген соң мамандар жеке куәлік алу үшін қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетті. Қараша айының 23-і күні көптен күткен құжатқа қол жеткізді және енді жасына байланысты зейнетақы рәсімдей алады, - делінген мәліметте.

Департамент басшылығы осыған байланысты қандай да бір себептермен жеке басты куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береді.