434,34 494,00 5,52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Петропавлдық кәсіпкер көк шөп өсіріп, кәсібін дөңгелентіп отыр

  • 67
  • UPD: 11:37, 26.12.2021

Көзін тапсаң, бір уыс көк шөптің де пайдасы жетерлік. Петропавлдық кәсіпкер тамақтың дәмін келтіретін дәмдеуіштер өсіре бастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл – Илья Горбачевтің алғашқы кәсібі. Жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 560 мың теңгенің грантына да қол жеткізген. Өзі жан-жақты жігіт. Үнемі ізденісте жүреді. Бірінші мамандығы – бағдарламашы. Кейін аспаздықты бітірген. Электрші куәлігі бар. Қазір микро көкшөп өсіреді.

Илья Горбачев, кәсіпкер:

– Бәрі кокос субстратына егіледі. Ешқандай қоспа, химиясыз өсіп шығады. Тұқымды Ресейден аламын.

25 жастағы жігіт ұтып алған грантына құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір ол микро көкшөптің 7 түрін өсіреді. Әрқайсының дәмі әр түрлі.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл бөлмеде жасыл шөптермен қатар тағамдық гүлдер де өсіріледі. Мысалы мына біреуі – бегония. Гүлдің дәмін татып көрейік. Қышқылдау, бірақ өте дәмді.

«Микро көкшөптің құрамында дайын өнімге қарағанда пайдалы заттар 10 есе көп. Сондықтан оған деген сұраныс артып келеді», – дейді кәсіпкер.

Илья Горбачев, кәсіпкер:

– Петропавлда микро көкшөп жақсы танылып келеді. Ал кейбір адамдар бұл не екен деп дәмін көруге алады. Жаңа жылдың алдында тапсырыс тіптен көбейді. Әйелдер жағы онымен тағамдарын безендіруге құмар.

Сұраныс бар жерде ұсыныс бар. Енді Илья шағын кәсібін кеңейтіп, ағзаға пайдалы микро көкшөптің түрлерін көбейтуді көздеп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев Петропавл

Хабар 24 телеарнасы