Түркістан облысындағы ағаш шеберінің шәкірттеріне үйретері көп  

Ел ішінде ағаштан ер шауып, қобыз, домбыра жасайтындар некен-саяқ. Соның бірі – қазығұрттық Әбдіманап шебер. Бұл күнде соңына шәкірт ертіп, ұстазға айналған жігіт ағасы ағаштан кез келген аң-құстың кескін келбетін ойып, ас-суға қажет ыдыстың да түр-түрін жасайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қызылтаң жалпы орта мектебінің еңбек сыныбы қол өнер туындыларына толып тұр. Мұнда жыланның түр-түрі мен құстардың әр тұқымын көруге болады.

Әбдіманап шебердің айтуынша, кез келген ағашты жаратып, мүсін шығару үшін қиялдың ұшқырлығы маңызды. Ептілік пен қызығушылық та табуылуы тиіс қасиет, – дейді.

Әбдіманап Мырзабай, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

– Үйірмеде қатып қалған нәрсе жоқ. Не ағаш әкелсе де, не дайындама әкелсе де соған қарап өздеріңіз көргендей бірі жылан болып шығады. Бірі астау болады, бірі ожау болып шығып отырады. Мына астауларымыз бен ожауларымыздың түр-түрін көріп тұрсыздар. Әр ағаштың өзінің қасиеті бар. Су кезіндегі ағаш тез ойылады. Оны салофанға орап қойып, күнде аударып отырамыз. Кептіру әдісімен.

Көркем сурет және графика мамандағын меңгерген маман өз білгенін оқушыларға үйретіп, шын шеберді шығаруға ықпал етуде. Сабақтан тыс үйірмеге қатысу үшін икемді жастар ғана талаптанып жатыр. 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз шәкірттерін түрлі тапсырма беріп іріктеп, сәйкесінше жұмыс жүктейді.

Әбдіманап Мырзабай, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

– Шәкірт озса, сенің еңбегіңнің жанғаны. Сол сияқты бұлардың да ішінен өзі биімі болады. Атадан келе жатқаны болады. Біреуі келіп қызығатыны болады. Көп адамға болар-болмас нәрсені беріп отырамын мен. Зерттеп көремін. Кейін ол тастап кетеді қызықпайтын адам. Анау қызыққан бала өзі белгі береді.

Ернұр Есіркеп, ағаш бөренесінен табиғат тіршілігін көрсетуге еңбектеніп жатыр. Мұнда бір бұтақты бойлаған аң-құс бейнесін көруге болады. Мектепшілік шараға әзірленген ол еңбек пәніне ерекше дайындықпен келеді.

Ернұр Есіркеп, оқушы:

– Ағайым Әбдіманап болғасын, қолынан шеберлік тамып тұрғасын кеңес сұраймын. Кеңес сұрап құстарды бейнелейміз дедік ағашта тұрған соң. Өлі ағашты осылайша тірілтейік  деді. Қайрақ қағазбен тегістеледі. Сосын лакталады кейін көрмелерге қойып, жүлделі орын аламыз деген ойдамын.

Ағаш шебері ат тұрманы мен қасиетті домбыраға сұраныстың көптігін айтады. Дайын дүниені көргендер құнына қарамай сатып алғысы келеді, – дейді. Ұстаз ізін басқан шәкірттердің алды осы істі кәсіп етіп, несібесін айырып отыр.

 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов