СҚО абақтысында полиция костюмдері тігіледі

Қолы икемді жандарға абақтыда да жұмыс бар. Петропавлдағы әйелдер колониясындағы жазасын өтеушілер жаңа үлгідегі полиция костюмдерін тіге бастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Түрмедегі 30-ға тарта қыз-келіншек енді жаңа жылға дейін мың жарым киім үлгісін дайындамақ. Қостанай облысының тумасы Зарина Іспенбетова  төрт жыл бұрын  түзеу мекемесіне  түскен. Негізгі мамандығы – зертханашы.  Ол аяғын шалыс басып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Темір тордағы күндерін құр өткізбейді. Тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп, жұмысқа орналасты. Жазасын өтеуші бүгінде полиция қызметкерлеріне арналған жаңа форманы тігіп жатыр.

Зарина Іспенбетова, жазасын өтеуші:

– Бұл киімдер бірнеше детальдан тұрады. Пазл секілді құрастырып тігуіміз қажет. Әрі асқан жауапкершілікті талап етеді. Жұмысым қиын болса да өзіме ұнайды.

Петропавлдағы әйелдер колониясы бір қарағанда тігін цехына ұқсайды. Әлемді алаңдатқан індетпен күрес кезінде қапастағы қыз-келіншектер бетперде мен қорғаныш кастюмдерін тікті. Бұл – бір жағынан ермек, екіншісі жағынан олар үшін табыс. Енді жаңа жылға дейін мұндағылар полиция қызметкерлеріне арналған 1500 дана форма тігеді.

Дәурен Сәдуақасов, ЕС-164/6 түзету мекемесі бастығының орынбасары:

– Жаңа формада тәртіп сақшысының қай өңірден және қай қызметте еңбек етіп жүргенін көрсететін арнайы шеврондар бар. Оның үстіне жарық шағылыстыратын элеметтері де көп. Негізінен бұл киім үлгісі өте ыңғайлы, әрі заман талабына сай.

Айта кету керек, біздің колониядағылардың 90 проценті жұмысқа орналасқан.

Бүгінде өңірде 5 түзеу мекемесі бар. Оларда 14 кәсіпкерлік нысаны ашылған.  Яғни 450-ге жуық адам түрлі салада еңбек етеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев