Балаларды өрттен құтқарған қостанайлық оқушыға облыс басшысы алғыс айтты

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өрттен қаймықпай, отқа оранған саяжайдан балаларды құтқарған батыр бала – Олег Пирогты және оның ата анасын марапаттамақ, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы аймақ басшысы бүгін өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.

«Құрметті достар! 25 желтоқсанда Қостанай қаласындағы «Садовод» саяжайында болған оқыс оқиға туралы бәрі оқыған шығар. Бесінші сынып оқушысы Олег Пирог өртеніп жатқан үйден төрт балаларды аман алып қалды. Ертең Олегті ерлігі үшін алғыс айтып, өз қолыммен сертификат пен бағалы сыйлықтар тапсыруға шақырдым», – деді әкім жазбасында.

Сондай-ақ облыс әкімі осындай ержүрек, нағыз батырды тәрбиелеген оқушының ата-анасына алғысын білдірді. Дер кезінде шешім қабылдай білген Олегтің ерлігі дүйім елді сүйсіндірді.

Естеріңізге сала кетейік, Қостанайда «Садовод» саяжайында 5 сынып оқушысы Олег Пирог төрт баланы өрттен аман алып қалған болатын.