Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында маңызды әлеуметтік нысан жеткілікті

Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында 30 жыл бұрын ауыз су мен газ болмаған. Дәріхана, мәдениет үйі сияқты маңызды әлеуметтік нысандар жоқ еді. Дәрігерлерлер науқастарды ескі ғимаратта қабылдап қызмет көрсетті. Қазір барлығы жаңадан салынды. Ынтымағы жарасқан ауылда халық саны да көбейді.

Бұл ауылдың атауы кезінде Бурно-Октябрь болған. Тәуелсіздік алған жылдары халық жаппай көшіп, тұрғын саны күрт азайды. Әлеуметтік жағдай төмендеп, жұрт ауылдан үдере көше бастады. Ал сол 90-жылдардың тоқырауында қиындықты елмен бірге еңсергендері қазір туған ауылында тұрып жатыр. 

Айтас Қайыпов, зейнеткер:

- Ауылдың жағдайы өте төмен еді. Не себепті? Себебі көптеген халықтар көшіп жатты. Бұл жерде көбінде немістер, орыстар тұратын. Солардың барлығы көшті. Көптеген үйлер қаңырап қалды. Бірақ Түркіменстаннан, Өзбекстаннан ағайындар көшіп келді.

Райхан Ақжігітова 1995 жылы елге Қарақалпақстаннан қоныс аударған қандас. Ауыл тұрғыны көп балалы ана атанып, бүгінде алты бала тәрбиелеп отыр. Ол көшіп келген жылдары ауылда ауыз су, жарық, көгілдір отын сияқты әлеуметтік мәселелердің өзекті болғанын еске алады.

Райхан Ақжігітова, Нұрлыкент ауылының тұрғыны:

- Көшіп келген кезімізде жағдай өте қиын болды. Свет, газ деген мүлдем нашар болды. Ол кезде уақытпен беретін. Больницамыз да кіші болатын. Мына жол деген мәселе кәдімгідей қиын болатын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына міне Құдайға шүкір. Үлкен өзгерістер бар. Үлкен жетістікпен жеттік. Оңай емес бұл жетістікке жетудің өзі де.

Ал Нұрладдин Ермеков ауылдық амбулаторияда 21 жылдан астам уақыт еңбек етеді. Дәрігер маман сол кездегі медицинаның төмен деңгейін бір сөзбен айтып жеткізе алмады.

Нұрладдин Ермеков, Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік-амбулаториясының аға дәрігері:

- Барлығымыз бір жерде тығылып. Оның үстіне газ жоқ еді. Отопление деген атымен жоқ еді. Бір жерге электрический пештерді қойып жұмыс істедік. Ал қазіргі күнде мынадай типовой амбулаторияға өткізді 2017 жылдан бастап. Үкіметіміз салып берді. Терапевттің кабинеті, педиатрдың кабинеті, акушеркалар, лаборатория, физкабинет, барлығында ажыратылған жеке бөлмелері бар. Үсті жартылай видеокадрлармен жабылады.

2008 жылы елді мекеннің атын өзгерту туралы шешім қабылданып, Нұрлыкент болып өзгертілді. Саны үш мыңнан азайып кеткен халық саны бүгінде бес мыңға жуықтаған. Күре жолдың бойында орналасқан елді мекен еңбекққор, ынтымағы жарасқан ауыл ретінде көпшілікке танылды. 

Нұржігіт Бөлекбаев, Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі:

- Нұрлыкенттің белгілі болуының бір себебі. Біздің ауылымыздың тұрғындары егін шаруашылығымен өте жақсы айналысады. Бау-бақша егеміз. Біздің тұрғындар оның ішінде негізінен егетіні қырыққабат және картоп. Олар жақсы тәжірибе алып, машықтанып үйреніп алды. Біздің осы бақшада өсірген өнімдеріміз сыртқа экспортқа да шығып жатыр.

Тұрғындарға қажетті білім ошақтары, балабақша, өнер мектебі, дәріхана сияқты негізгі әлеуметтік нысандар салынды. Жақында мәдениет үй ашылып ел игілігіне берілді. Ауылда ауыз су, газ, жарық, жол мәселесі толықтай шешілген.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә