Шектеулер шаруаларды шығынға батыруда

Шектеулер шаруаларды шығынға батыруда

Биыл жем-шөп қымбаттап, шаруа баққан ағайын бір қысылса, енді ірі қараны елден шығармайды. Осындай шектеу көрген қостанайлық фермерлер қайтерін білмей әлек. Мал басын көбейтеміз деп тыраштанған фермерлер шетелдік әріптестерімен жасалған келісімшарттарын бұзуға мәжбүр. Бұларға енді аралас-құралас компаниялар да наразы. Екі сөйлеген қайбір жақсы?! 

Бұл бордақылау алаңында 20 мыңдай бұқашық бар. Арман Есмұрзин оның 70 процентін тірідей Ресей және Өзбекстанға сатуға дайын еді. Бірақ мәмілелен бас тартуға мәжбүр болды. Осылайша қомақты соманың келісімшарты желге ұшты.    

Арман Есмұрзин, мал бордақылау алаңының директоры:

– Біз үшін экспорт жарты жылға жабық. Негізгі тұтынушыларымыз сыртқы нарық болған. Осы мақсатта көп еңбек еттік. Жоспар құрып, халықтан мыңдаған мал сатып алдық. Енді бұдан қол үземіз. Шектеу шаралары бізге қиындықтар әкеліп жатыр.

Сатылмаған малға азық дайындау қалтаға үлкен салмақ. Жем-шөп шығыны екі есе артқан. Енді бордақылау үшін қарапайым халықтан мал қабылдау да тоқтатылады.

Арман Есмұрзин, мал бордақылау алаңының директоры:

– Мал азығын жеткілікті көлемде дайындап үлгермедік. Жоспар бойынша тұрғындардан алатын көлем болған. Әрине, жұмысты нәтижесіз, шығын үшін істеу дұрыс емес.

Фермерлер сиыр етін сыртқы нарыққа бөлшектеп қана сата алады. Мал шаруашылығымен айналысатындарға бұл тиімсіз. Тері, сүйектерді қонымды бағаға өткізе алмайсың. Сол себепті кәсіпкерлер ішкі нарыққа әділсіз бағамен шектелген көлемде сатуға мәжбүр.     

Арман Есмұрзин, мал бордақылау алаңының директоры:

– Малын әділ бағаға сатпаған фермер ертең оны ұстамайды. Осылайша келер жылы елде мал басы кемиді. Тапшылық пайда болады. Қазір ғана молшылықты сезініп жатырмыз.   

Енгізілген шектеулерді ауыл шаруашылығы министрлігі халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етумен түсіндіреді. Уақытша тыйым салу біржолата отандық ет комбинаттарының шикізат тапшылығын шешпек.  

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ баспасөз хатшысы:

– Малды тірі күйінде әкетуге тыйым салуды енгізу есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктелуін 80%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуге болады. Дегенмен мониторинг жасап отырамыз. Егер нарықтағы көрсеткіш тұрақталатын болса, бұл тыйымдарды қайтадан алып тастау қарастырылған.

Қазірдің өзінде ата кәсіпті дамытып отырған шаруалар ет өнімдерінің қымбаттайтынын айтып жатыр. Шығынға батпас үшін бағаны кем дегенде 25 процентке өсірмек.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров