Әуесқой балық аулаушылар үшін бақылау күшейеді

Өзен-көлдерде мұз қатқанмен, әлі де қауіпті. Бірақ бұған қарап жатқан балықшылар жоқ. Осы себепті Ақтөбеде құтқарушылармен жауапты мекеме өкілдері жиі рейд өткізіп, елге сақ болуды ескертіп әлек. Бірақ оларды кім тыңдайды? Бірі ескертуге құлақ асқанмен, бірі таңмен талас тұрып көл үстінде отырады.

Бала күнінен балық аулауды жақсы көретін Тұрсынғали Дүйсенов қар түскелі қала маңынан ұзаған емес. Себебі аудандардағы су-тоғандарында адам салмағын көтеретіндей мұз қатпағанын жақсы біледі. Сондықтан да, су асты жәндігі мол алыстағы көлдерге барудан қауіпсіздік маңызды дейді.

Тұрсынғали Дүйсенов, қала тұрғыны:

– Ата-бабамыз бұрыннан «судан сақтан» дегенді бұрыннанайтып келе жатыр ғой  деп. Қай уақытта шығуға болатынын су бойында өскен соң бала кезімізден білеміз. Хоббиіміз ғой, арасында осылай демалуға келіп кетеміз. Балыққа үйірміз, артығын алмаймыз. 

Қыс кезінде де әуесқой балық аулаушылардың толастамауы құтқарушыларды алаңдатып отыр. Қазір төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері өзге де жауапты мекеме өкілдерімен бірлесіп өзен-көлдерде бақылау жұмысын күшейткен. Себебі тек өткен жаздың өзінде 4 балықшы суға кетіп, қайтыс болған еді. Бұл соңғы 3-4 жылдан бері тіркелмеген жағдай. Ал қазір өңірдегі су тоғандарында қатқан мұздың қалыңдығы шамамен 25 см болғанымен, кейбір жерлерде мүлде жұқа. Яғни, мұз астында ағысы бар су тоғандар адам өмірі үшін қауіпті.

Айбат Жаңабергенов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

– Көбінесе біздің балықшыларымыз осы судағы қарапайым ережелерді сақтамай жатады. Ол, ең біріншіден, су жағасынан алысқа орналаспау керек және де адам жалғыз өзі келмеу керек. Өздерімен бірге құтқару арқандары және де құтқару кеудешелерімен бірге суға түсуге біз кеңес береміз. Мұздың үстіне автокөліктермен шығуға мүлдем тыйым салынады.

Қазір құтқарушылар балықшылар көп жиналатын өзен-көлдерге күн сайын келіп, рейд жүргізетін болған. Аулаушылар болса, мұздағы қауіпсіздікті сақтау ережелерін де түсіндіріп жүр. Сондай-ақ, бұл кәсіпкесе де рұқсаттың керегін айтуда. Белгілі тәртіпті елемегендер ондаған адамға биыл қомақты айыппұл салынған.

Нұрболат Дүйсенов, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

– Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 82 әкімшілік хаттама толтырылды. Сол 82 адамдар жауапкершілікке тартылды. Миллионнан астам әкімшілік айыппұл салынып, бәрі өндірілді.

Мамандар рейдтік шараларды көктемге дейін жиі-жиі жүргізуді жоспарлап отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев