«Текенің бұрқылы»: Арқада ақтүтек боран басталды

Желтоқсанның соңында ала алай-түлей ақ боран келсе, бұл текенің бұрқылы. Қазақ атаң осылай дейді. Дәл осы мезгілде киік баласы жұптасады. Мұны текебұрқақ деп те атайды. Осы түз тағысы әр заманда небір зауал көрді. Иен далада 20 мың ғана қалған кезі де болған. Бірақ жойылып кеткен жоқ. Кейінгі жылдары құралайы егізден еріп, басы көбейіп келеді. Биыл миллионға жуықтады. Келер жылы 1 млн 300-ге жетеді, дейді сарапшылар.

Желтоқсан айында соғатын қарлы боранды қазақ «текенің бұрқылы» дейді. Бұл киіктің текесі үйірге түсіп, жұптасатын мезгілі. Алты ай қыста шөлейт аймақтарды мекендеп, жан бағатын түз тағысының көбею процесі осы тұстан басталады.

 Сәкен Ділдахмет, экология сарапшысы:

– Бұл кезде өте маңызды аударатын факторлардың бірі – мына киіктердің текесі осы сәттерде өте қатты әлсізденеді. Әсіресе, браконьерлер осы сәтті пайдаланып киіктердің жағағы мүйізіне заңсыз аңшылық жасап жатады. Осының алдын алу үшін бүгінгі күні киік қорғау акциясы басталды.

2008 жылғы санақта ел аумағында киіктің саны 58 мың ғана еді. Одан кейін көбейіп 2015 жылы 295 мыңға жетті. Бірақ келер жылы қайта азайып 108 мыңға төмендеп қалған. Ал 2018 жылы көбейіп 215 мыңға жетті. 2019 жылғы санақ бойынша 334 мың. 2020 жылы пандемияға байланысты санақ жүргізілмеді. Дегенмен, биыл 840 мыңнан асқан.

Олжас Беркінбаев, ҚР ЭГТРМ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры:

– Еліміздің экологиясының ең бір маңызды құрамдас бөлшегі ғой киік дегеніміз. Қазіргі уақытта олардың саны 800 мыңның үстінде. Көбею қарықыны жақсы. Оған байланысты 3 популяцины мекендейді: Орал, Үстірт және Бетпақдала популяциясы. Білуімізше, Орал популяциясында 512 мыңға жуық киік болса, Үстіртте 12 мыңдайы, қалғаны Бетбақдала популяциясында тіршілік етуде.

Қазақ киікті ақбөкен деп те атайды. Себебі жазда сағымға араласып сап-сары болып самсап жататын жануар қар түскенде ақжонданып, қылаң тартады. Осы ақбөкен жаз шықса, тағы көбейе түсуге тиіс. Өйткені өткен ғасырдың 80-жылдарында сайын далада 2 миллиондай киік жортса, тоқырау жылдарында соның 20 мыңдайы ғана қалған еді. Осы себепті үкімет түз тағысын барынша қорғауға алып, браоньерлермен күресті күшейткен. 

Сәкен Ділдахмет, экология сарапшысы:

– 2015 жылы елімізде киіктердің жалпы қырылуынан кейін мынау бірден қорғау жұмыстары күшейтілді. Тиісті мемлекеттік органдардың жұмыстарының арқасында 2015 жылдан бері жылдық өсім 40-50 пайызды құрап отыр. Енді бұйырса келесі жылы киіктердің саны жылдық мынау статистикаға сүйенетін болсақ онда 1200 мың мен 1300 мыңның арасында болу керек.

Көктемгі санақта 840 мың киік дегенмен, олардың төлі есепке алынбаған. Қазір құралайлар жетіліп, қатарға қосылды. Сол себепті алдағы жылы браконьерлер мен ауру-сырқаудан аман болса ақбөкеннің саны одан да аса түсуі мүмкін деп болжайды сарапшы. Ең бастысы – 2015 жылғыдай пастереллоз тарап, жануар ұшынбаса болғаны.

Мерей Мұратханқызы, Талғат Әбдіқожа, Арман Әмен