Алматы облысында магистральдық эстакада ашылды

Алматы облысында магистральдық эстакада ашылды, деп хабарлайды Хабар 24. Бұл жобаны жылдың соңына дейін пайдалануға беруді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын. Құрылыс жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Мақсат «Алтын Орда» базары маңындағы кептелісті жою болған. Бірақ пандемияға байланысты құрылыс кестесіне біраз өзгерістер болды. Дегенмен кейін келген мердігер мекеме қарқынды жұмыс істеп, құрылысты аяқтады.

Көлік эстакадасының ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Шараға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев қатысты. Бұл жоба тек мегаполис үшін ғана емес, жалпы облыс үшін де маңызға ие. Себебі бұл жол елімізді көрші мемлекеттермен байланыстырады. Ал ондағы көлік кептелісі түйіткіл мәселеге айнаған болатын.

Төлеген Абдуллин, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

– Бұл жол айрығы ең алдымен транзиттік көліктердің өтуіне арналған. Жақын жерде базарлар орналасқан. Сондықтан оған көліктер көп келеді. Ал, бұл жағдай жүк тасымалдайтын автокөліктердің Алматы-Бішкек бағытына емін-еркін қатынауына мүмкіндік бермейтін. Осы мәселе енді шешімін тапты.

Автожол учаскесінде басты магистральдық эстакада, «таға» үлгісіндегі бұрылыс эстакадасы Ақсай өзені арқылы өтетін көпір және жерүсті жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Сонымен қатар транзиттік, қоғамдық және жергілікті көліктер үшін 4 шақырымдық инженерлік коммуникация қайта орнатылып, 10 жолақты жол салынды.

Асқар Мұратұлы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Қаладан шығатын, қаладан кіретін көліктерге оң әсерін тигізетіні анық. Болашақта жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз. Бұдан әрі қарай асыл арманымыз бар. Одан әрі қарай жаңағы үлкен айналма жолға шығатын біраз кептеліс тудыратын жерлер бар. Соларды кеңейту жұмыстарын жүргіземіз.

Эстакаданы салуға 200-ден астам жұмысшы мен 50-ден астам техника жұмылдырылды.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев