Жұмысынан айырылған 73 мың адамға әлеуметтік төлем алғаш рет тағайындалды

Биыл жұмысынан айырылған 100 мыңнан астам адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алды. Оның ішінде 73 мыңнан астамына бұл төлем алғаш рет тағайындалған, деп хабарлайды Хабар 24.

Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік төлем жұмыссыз қалғандардың сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы екі жылдағы табысына қарай тағайындалады. Әдетте жұмыстан босатылған жандарға төлем 1 айдан жарты жылға дейін бөлінеді. Оның мөлшері бұрынғы кірісінің 40%-не дейін жетуі мүмкін. Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған азамат eGov.kz порталында тіркеуден өтуі керек.  Одан кейін жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту бөлімінде «Жұмыс  іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдауы шарт. Осы жерде онлайн-қызметке тапсырыс беру керек. Тиісті сауалнаманы толтырғаннан кейін электронды цифрлы қолды қойып, өтінімді жіберу қажет. Міне осыдан кейін жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орнын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 күнде жұмыссыз мәртебесі беріледі.