БҚО-да қатты дауылдан 17 ауыл жарықсыз қалды

Батыс Қазақстан облысында қатты дауыл соғып, 17 ауыл жарықсыз қалды, деп хабарлайды Хабар 24.

Желдің күшті болғаны соншалық, тіпті электр желілері үзілген. Оралдың өзінде тоқ кернеуінің жоғарылауынан су сорғылары істен шығып, 15 мың абонент бірнеше сағат бойы сусыз қалды. Қазір қалада жарық пен су құбыры қалпына келтірілді. Аудандарда да жұмыс жалғасуда. Қала көшелерінен 12 мың текше метр қар шығарылды, 100-ден астам арнайы техника мен 200-ден астам адам жұмыс істеуде.

Естеріңізге сала кетейік, БҚО-да өткен тәулікте жауын-шашынның айлық нормасы түсіп, боран салдарынан барлық жолдар жабылды. Құтқарушылар қар құрсауынан 2 автокөлікті шығарды, 7 адам жылу пункттеріне жеткізілді.

Рауан Қайырғалиев, БҚО ТЖД басқарма бастығы:

– Барлығы 7033 абонент электр жарығынан айырылған болатын. Қазіргі уақытта 31 елді мекенде электр жарығы берілді. Қазір 6 аудан мен 17 елді мекен қалып тұр.