Ақтауда 2,5 млн теңгеге салынған әткеншектер қирап жатыр

Ақтауда 2 жарым миллион теңгеге салынған әткеншектер қирап жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Архитектуралық нысан осыдан 2 апта бұрын ғана орталық алаңға қойылған еді.

Белгісіз біреулер әткеншектің тіреуішке бекітілген шынжырын үзіп, отырғышын сындырып кеткен. Қалалық әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі таңда «Ұсақ бұзақылық» дерегімен, әкімшілік іс қозғалып,  кінәлілер іздестіріліп жатыр. Сол маңдағы бақылау камералары қаралуда. Ал әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар әткеншектер сапасыз жасалған деп пікір білдіруде.

Айта кетейік, осыған дейін, теңіз жағалауында орнатылған әткеншектерді де қиратып кеткен еді.

Айбек Ербөлеков, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Вандализм фактілерімен сындырғаны анықталды. Қазіргі аталған нысан қала әкімдігінің балансына алынған жоқ. Бірақ мердігер мекемеге тапсырма беріліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Қала әкімдігінің теңгеріміне алынбағандығымен де, нысандарға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген болатын. Бақылау күшейтіледі.