Балалар әдебиетіне арналған 40 кітаптың тұсаукесері өтті

Балалар әдебиеті жылы аясында мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан 40 кітаптың тұсаукесері өтті. Биыл балалар әдебиетінің жылы болып белгіленген еді. Енді балалар әдебиетін қолдау 2023 жылға дейін созылады.

Биыл қазақ әдебиетінде ерекше жаңалық болды. 168 аталыммен 492 мың дана кітап басып шығарылып, республиканың мемлекеттік кітапханаларына тегін таратылды. Оның 40-ы балалар әдебиетіне арналған. Жалпы таралымы – 120 мың дана.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Арнайы логотиппен жалпы таралымы 120 мың данада басылып шығып еліміздің бүкіл кітапханаларына, бүкіл аймақтарына таратылды. Басылып шыққан әдебиеттердің 34-і отандық қаламгерлердің шығармасы болса, алтауы – әлем балалар әдебиетінің аудармалары. Осындай оң бастаманы жалғастыру мақсатында балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылын 2023 жылға дейін жалғастыру туралы шешім қабылданды. Осындай игі шара баршаңызға құтты болсын.

Кітаптардың ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған отандық шығармалар жарық көрді: «Адамның бір қызығы бала деген...», «Балалықтың соңғы күзі», «Ұлы даланың ұландары», «Сәби болғым келеді», тағы басқа туындылар бар. Балалар әдебиеті арқылы жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамыту, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке, ізгі мұраттарға баулу, кітап оқуға ынталандыру басты мақсат болды дейді жазушылар.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Мәжілісінің депутаты:

– Қазір кітап оқу мәдениеті, жалпы кітаптың қадір қасиеті сынға түсіп тұрған кез. Қалай дегенде де кітап ондаған ғасырлардың сынынан өткен бұл сынақтан өтіп, барлық сынаққа шыдап, ұшінші мыңжылдыққа жеткен құндылық.

Сондай-ақ әлем балалар әдебиеті авторларының қазақ тіліндегі аудармалары жарық көрді, соның ішінде жапон балалар әдебиеті жас оқырмандар үшін қызықты әрі тың шығарма екенін атап өтуге болады: «Көк бөрінің көзі; Кастрючиннің «Ержүрек құмырсқа», «Қазына аралы», Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо шығармасы қазақшаланды.

Гүлзия Нақыпқызы Аят Дүсембаев