Мемлекетке 1 млрд теңге көлемінде залал келтірген Шымкент тұрғыны сотталды

Шымкентте салықтан жалтару үшін жосықсыз кәсіпкерлерге жалған шот-фактура жазып берген азаматтың ісі әшкере болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Тергеу барысында оның туыстары мен таныстарының атына 14 кәсіпорынды тіркегені белгілі анықталды. Бірақ бұл кәсіпорындар контрагенттерге салық төлеуден жалтаруға жағдай жасау үшін құрылған болып шықты. Олардың фирмалық кеңселері, қызметкерлер штаты, өндірістік-техникалық базасы тіпті қоймалық үй-жайлары да болмаған. Кәсіпкердің мемлекетке келтірген шығыны анықталды. Енді заңсыз тапқан қаржысы қазынаға қайтарылады.

Жұпар Мамытова, қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі:

– Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам мөлшерде залал келтірілді. Махатаев сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан және 10 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.