Қазақстанның бас қаласы туралы бағдарлама Түркия телеарнасында көрсетілді

Түркияның мемлекеттік телеарнасы елорданы Анадолы жұртына таныстыру мақсатымен Нұр-Сұлтан қаласы туралы арнайы бағдарлама дайындады, деп хабарлайды Хабар 24 ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әр бөлімі әлемнің бір қаласын таныстыратын түркиялық «ТРТ1» телеарнасында «Нұр-Сұлтан» деп аталатын екі бөлімі 26 желтоқсанда көрсетілді. Бағдарлама «Қалама қош келдіңіз» деп аталады.

Мақсаты – көрермендерге әлем мемлекеттерінің ірі қалаларының танымал туристік орындарын таныстыру. Осы орайда, арнаның түсірілім тобы қыркүйек айында Нұр Сұлтанға арнайы келген болатын. Бір апта бойы Елорданың көрікті орындарының тарихын баяндай отырып, түсірген еді. Бұл жоба ТРТ мемлекеттік телеарнасы мен Юнус Эмре институты арасында қол қойылған ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды. Бағдарламаның басқа бөлімдері Амстердам, Вена, Мостар, Варшава, Будапешт, Рим, Париж, Доха, сондай-ақ Мәскеу сынды әлемнің үлкен қалаларына арналған.

«Қаламызға хош келдіңіздің» алғашқы бөлімінде Сараево, ал екінші бөлімінде Нұр-Сұлтан қаласы көрсетілді. Бағдарламада «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және Келісім сарайы, Нұржол бульвары, Хан Шатыр ойын сауық және сауда орталығы, Қазақстан Ұлттық музейі, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Әзірет Сұлтан мешіті, «AILAND» отбасылық демалыс саябағы, «Атырау» көпірі, ЭКСПО-2017 кешені, Нұр Әлем музейі мен Қазақ Елі монументі сияқты елорданың ең танымал орындары көрерменге таныстырылды.

Нұр-Сұлтандағы Юнус Эмре институтының екі оқушысы бағдарламаның концепциясына сәйкес елорданы көрерменге түрікше таныстырды. Сондай-ақ жүргізушілер қазақ ұлттық тағамдарының дәмін татып, ет, бауырсақ пен қымыз, сондай-ақ дәстүрлі садақ ату өнері жайлы мәлімет берді. Ең жас астана болғанына қарамастан әлемнің назарын өзіне аударып отырған Нұр-Сұлтан туралы «архитектуралық ғажайыптарымен көзге түсетін ерекше» және «көз жауын алатын, заманауи, футуристік ғимараттар қаласы» деп атап өтілді. Ұлттық музейдегі қазақ тарихынан сыр шертетін қазыналарға, Алтын адамдар, жылқы экспонатына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Анадолы жұртына Қолжазбалар және Сирек кітаптар ұлттық орталығындағы қазақ тарихына қатысты жазба мұралар туралы да баяндалды. «ТРТ1» телеарнасының ютуб каналына жүктелген бағдарламаның екінші бөлімі қазірдің өзінде көп қаралым жинап үлгірді.