Көкшетауда бес жыл бұрын басталған мектеп құрылысы қашан аяқталары белгісіз

Көкшетауда құрылысы 2016 жылы басталған мектеп ғимараты әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Жергілікті билік өкілдері бұл мектеп биыл пайдалануға беріледі деп уәде еткен, деп хабарлайды Хабар 24.

Алайда осы жылдың жоспарынан тағы да сырт қалыпты. Жұрт жауаптылар жылда құрғақ сөзбен қатырып келеді – деп наразы.

Сәрсенбай ақсақал – бұл мектептің салынуына сеп болған осы маңайдың белсенді тұрғыны. Алайда құрылыс басталды деп қуанған қария оның мұншалықты жырға айналатынын білмеген. Созбалаңға салынған соң бұл мәселені көтеріп, талай жердің табалдырығын да тоздырыпты. Алайда одан еш нәтиже шығар емес.

Сәрсенбай Сердалин, зейнеткер:

– Мен осы жағдаймен 5 облыс әкімінің алдынан, 6 қала әкімінің алдынан өттім. Соңғы қала әкімі Бауыржан Ғайсаның алдына барғанда ол кісінің маған айтқаны «оны енді құрылысшылар біледі» деді. Ал мынау көріп тұрған мөлтек ауданда осы жерде 1 мыңнан артық бала бар қазіргі уақытта.

Ал сол мыңнан астам баланың көбі қазір қала орталығындағы, тағы біразы көрші Красный яр ауылындағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Қысы қатты Көкшеде бұл едәуір қиындық тудыратыны рас.

Любовь Киласьева, қала тұрғыны:

– Мектеп бәрімізге өте керек. Мынадай аязды күнде баланы алыстағы мектептерге апарып-алып келу оңай емес. Автобустар үнемі толып жүреді. Іргеде мектеп болса, өте жақсы болар еді.

Ал ол мектептің құрылысы қазір тоқтаған. Қақпасы да тарс жабық. Мәселенің мән-жайын облыстық білім басқармасынан сұрастырдық.

Мекеме басшысының айтуынша, олар қазір нысандардың құрылысына жауапты емес екен. Дегенмен дәл осы мектептің жырына жақсы қанық.

Бейбіт Жүсіпов, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Бұл жерде жобалардың кінәсі болды. Содан кейін жылдан-жылға құрылыс материалдары қымбаттауына байланысты осындай жағдайға тап болып отырмыз. Бұл жалғыз Көкшетау қаласында емес, мынау Аршалы ауданында екі мектептің құрылысы басталған болатын 2019 жылы. Олардың да құрылысы қазіргі таңда тоқтап қалды.

Құрылысқа жауапты басқарма өкілдері «бұл мектеп қазір 90 процентке бітіп тұр. Енді ішкі әрлеу жұмыстары мен сыртын абаттандыру ғана қалды» – дейді. Ал мердігер құрылыстың биыл аяқталмауына қаржылық мәселелері себеп екенін айтады.

Рауан Оспанов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз нысанды алдын ала қаржыландыра алмаймыз. Яғни мердігер алдымен өз қаражатына жұмыс жасап, сосын сол үшін ақшасын алады. Ал қазір құрылыс компаниясының соған шамасы келмей жатыр. Сол себепті де мектеп уақытында тапсырылмады. Дегенмен мердігер құрылыстың уақытында бітпегені үшін жауап береді.

Осылай деген жауаптылар мектеп құрылысы алдағы көктемде қайта жанданып, келесі оқу жылына дейін толық бітетінін жеткізді. Алайда осындай уәделерден әбден шаршаған жергілікті халық бұл сөзге де сенер-сенбесін білмей отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко