Алматыда инновациялық ядролық медицина орталығы ашылды

Орталық онкологиялық дертке шалдыққан адамдарға қысқа мерзімде дәл диагноз қоюға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталған, деп хабарлайды Хабар 24.

Мұнда қазақстандықтар үшін барлық зерттеу тегін болады. Бүгін жаңа нысанды Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов аралап көрді.  Ядролық медицина орталығы - онкологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік беретін Алматыдағы алғашқы инновациялық кешен. Позитронды эмиссионды томография мен компьютерлік томографиялық зерттеу әдістері арқылы науқасқа  48 сағат ішінде нақты диагноз қойылады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Осындай орталықтың құрылуына 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған компанияға алғыс айтқым келеді. Бұл мемлекеттік-жекеменшік сектордың бірлескен жұмысының нәтижесі  деп ойлаймын. Орталық жылына 7000 мыңға жуық науқасты тексеруге мүміндік береді. Ол үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында мемлекет қаржы бөледі.

Алдымен науқасқа Алматыдағы Ядролық физика институтында шығарылатын радиофармацевтикалық дәрі енгізіледі. Содан кейін томографта сканерлеу жүргізіледі. Жабдық ісіктің орналасуын, оның мөлшерін және денеде метастаздардың бар-жоғын көрсетеді. Сондай-ақ заманауи диагностиканың көмегімен науқасқа дұрыс емдеу тізбегін құруға болады.

Әлішер Теміржанұлы, радиоизотопты диагностика бөлімінің меңгерушісі:

– Позитронды эмиссионды томография әдісі бұл қазір гибридті түрде аппарат. Яғни компьютерлі томографиямен біріктірілген. Жалпы бұл аппараттың көмегімен ағзаны молекулярлы және де жасушалық деңгейде зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен 90 процент жағдайда онкологиялық ауруларды зерттеуге оны диагностикалауға және көрсетіліп жатқан емнің эффективтілігін көрсетуге және уақытында емнің тізбегін өзгертуге мүмкіндік береді.

Үкімет басшысының орынбасары «Асыл мирас» аутизммен ауыратын балаларды оңалту орталығында болды. Мұнда арнайы әдістер арқылы балалар аз уақытта айтарлықтай нәтижеге жетуде.

Юрий Чувашев, аутизм орталығының жетекшісі:

– Кесте аптасына 3 рет 1 сағаттан қойылады. Орташа алғанда бір бала 3-4 ай келеді бізге. Жылына 200 отбасыға қызмет көрсетеміз. Жаңадан жасақталған ғимараттағы мүмкіндікке орай енді жылына 300 баланы қабылдай аламыз.

Ал 18 жастан асқан аутизммен ауыратын азаматтар «Шапағат» көпсалалы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тегін көмек ала алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев