Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлер үшін салық төлеу жүйесі жеңілдейді

«e-Salyq Business» мобильді қосымшасы кәсіпкерлерге салық міндеттемесін орындауды жеңілдетеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. «Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып және оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасын іске қосады», – делінген комитет ақпаратында

Мобильді қосымшаның функционалы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға және өзгертуге, түбіртектер беруге, кірістер тізілімін автоматты түрде қалыптастыруға, қосымшада есептелген салық міндеттемелерін төлеуге, оның ішінде қызметкерлер үшін сондай-ақ алдын ала толтырылған оңайлатылған салық декларациясын ұсынуға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық есептілігін тапсырмауды ескереді.

Айта кетейік, бұдан өзге қосымшада берешекті қарау және төлеу, мемлекеттік кірістер органдарынан хабарламалар алу, сондай-ақ оңайлатылған тәртіпте жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату бойынша қызметтерді орныдай алады. Қосымша «Play Market» және «App Gallery-де» қолжетімді.