Алматы тұрғындарына табиғи газды пайдаланудағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Тұрмыста табиғи газды қолданғанда қауіпсіздік ережелерін әсте естен шығармау керек. Кейінгі үш айда Алматыда жазатайым оқиға салдарынан 4 адам көз жұмса, бір тұрғын ауыр халде ауруханаға түскен, деп хабарлайды Хабар 24.

Осындай оқиғалардың алдын-алу мақсатында «Қазтрансгаз аймақ» акционерлік қоғамының мамандары мен қалалық әкімдік және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану бойынша тексеріс шарасын өткізді. 

Жеке секторды аралау кезінде мамандар газ жағатын  жылыту пештерінің жұмысын, жылыту жүйесінің ақауларын, мұржалардың жарамдығын тексерді. «Осындай шараларды өткізу кезінде өрт-қауіпсіздік ережелерін бұзу жиі анықталады. Газды жуынатын бөлмеге орнатуға болмайды. Көбінесе газ жабдықтары орнатылған бөлмеге ауа кірмейді, дабыл қондырғылары да орнатылмайды»дейді мамандар. 

Жайық Алишев, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалы директорының орынбасары:

–Тұрмыста газды пайдаланумен байланысты жазатайым оқиғалардың көпшілігі жылыту пештеріндегі ақаудан, мұржалардың тартпауынан, жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын қараусыз қалдырудан болады. Әрбір тұтандыру алдында және газ аспаптарын,  мұржаның түтін тартатындығын  міндетті түрде тексеру қажет. Өкінішке орай, барлық абоненттер қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарамағандықтан, өздері немесе туыстары зардап шегеді.

Жалпы биыл Алматыда төрт жарым мың жеке үй газға қосылған. Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз  ету мақсатында «Қазтрансгаз аймақ» АҚ қалада 116 шақырым жер асты және жер үсті газ құбырларын толық сырлап,  қалпына келтірген. 

Ғалым Болатұлы, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының бас маманы:

– Біз өте күрделі жұмыстар өткіздік. Қайта құру мәселесі бойынша бізде жер үй тұрған массивтерде 4 РГ-200-дік газ реттеу құрылғылары ауыстырылып қойылды. Оған қоса біз 8 газ жер асты қорғау электрохимзащита  катодтық станцияларын ауыстырып қойдық.

«ҚР Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес жеке үй мен пәтерлерде жұмыс істейтін газ аспаптарын қауіпсіз пайдалану және оларды жарамды жағдайда ұстау жауапкершілігі  олардың иелеріне жүктеледі. Тұрғындар осыны есте ұстағаны жөн.

 Авторлары: А.Садуақас, Р.Жақыпов