Елімізде 864 әкім халықтың тікелей дауыс беруі арқылы қызметке келді – Мәлік Мырзалин

Ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау нәтижесі саяси партиялардың белсенділік деңгейіне сәйкес келеді, деп хабарлайды Хабар 24.

ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин арна журналисіне берген сұхбатында осындай ой айтты. «Бұл сайлауға алты партияның да өкілдері қатысты. Сайланған 864 әкімнің 77,7%-і немесе 671 адам Nur Otan-ның өкілі болды. «Ауыл» партиясынан 3,8% яғни 33 адам әкім атанса, «Адал» партиясынан 1,7%, яғни 15 әкім, «Ақжол» партиясынан 1,4% немесе 12 адам, Қазақстан халық партиясынан 1,3% немесе 11 адам және ЖСДП-дан 0,1%, яғни 1 адам әкім атанды» – деді Мәлік Мырзалин. Мұндай нәтиже партиялардың сайлау кезеңіндегі де, қалыпты кездегі де саяси белсенділік деңгейіне сәйкес келетінін атап өтті.

Сұхбат барысында Мәлік Мырзалин биыл 864 әкім қызметке халықтың тікелей дауыс беруі арқылы келгенін айтты. Сондай-ақ ол дауыс берушілердің ауыл әкімдерінің сайлауына белсенді қатысқанын атап өтті. «Қазақстан бойынша сайлаушылардың орташа келу көрсеткіші 78,5% болды. Ауылдық округтерде әрдайым халық сайлауға белсенді қатысады», – деді Презиидент әкімшілігі басшысының орынбасары.