434,58 496,10 5,74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 9 млн қазақстандықты ревакцинациялау қажет – А.Мамин

  • 94
  • UPD: 09:52, 28.12.2021
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 9 млн қазақстандықты ревакцинациялау қажет – А.Мамин primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін баяндады. Инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктемесі 17% құрайды. Коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқызу және ауыр жағдайлар саны айтарлықтай азайды.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша өңірлердің көбісі (15) және жалпы Қазақстан Республикасы «жасыл аймақта» орналасқан. Нұр-Сұлтан қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы «сары аймақта» тұр.

Бүгінгі таңда 9 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды – бұл ересек адамдардың 80%-ке жуығы, 8,5 млн-ға жуық адам немесе ересек адамдардың 75%-і екінші компонентін алды.

242 мың жасөспірім вакцинаның І компонентін алды, II компонентін – шамамен 90 мыңы. Ревакцинациядан 450 мың адам өтті.

Сонымен қатар әлемде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, оның ішінде үй-жайлар мен қоғамдық көліктерде маска тағу режимін, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтаудың қатаң міндеттілігіне ерекше назар аударды.

Премьер-министр тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырып, халықты жаппай ревакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырды.

«Жаппай ревакцинациялау жұмыстарын күшейту қажет. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 9 млн адамды ревакцинациялау қажет», – деді А.Мамин.

Вакцинаның екінші компонентін алған сәттен бастап 6 ай уақыт өткен азаматтар бұған дейін салынған вакцинаның түріне байланысты қайта вакцина алады.

Хабар 24 телеарнасы