Алматыда темір жолда тоққа түскен оқушы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы-1 станциясындағы темір жолда болған қайғылы оқиғаға қатысты желілік полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

Кеше түстен кейін 8-сыныпта оқитын алматылық оқушылар жоғары кернеулі тоққа түскен. Біреуі сол жерде қаза тапса, екіншісі ауруханаға жеткізілген. Осы жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 344-бабы 2-бөлігі, яғни темiржол жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша тергеу жүреді. Қазақстан темір жолы компаниясы таратқан ақпаратқа сәйкес жеткіншектер Алматы станциясындағы қабылдау-жөнелту паркінде сэлфи жасамақшы болған.

Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, екінші жасөспірім кешеден бері жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы тұрақты ауыр халде.