434,48 496,10 5,67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Киев Қазақстанның көміріне зор үміт артып отыр

  • 84
  • UPD: 14:24, 28.12.2021

Еуропада газдың құны аспандап кетті. Бағасы удай көгілдір отынға қолы жетпеген Украина көмір жағуға мәжбүр. Алайда отынның бұл түрі де қат болып барады. Қазір елге Ресей арқылы бір түйір де көмір келмейді. Сондықтан жергілікті билік Қазақсанның отынын алыстан арбаламақшы. Көмірді тура тасуға жол жабылғандықтан теңіз арқылы алдырудан басқа амал жоқ. 

Еуропада көгілдір отын шарықтап кетті. Қазір газдың мың текше метрі 2200 доллардан асып жығылады. Ал күздегі баға 150-300 доллар шамасында еді. Көгілдір отын көзден бұлбұл ұшқан соң электр энергиясын өндірушілер көмірге көшкен. Алайда бұл құбылыс елде көмір тапшылығын тудырды. Жұт жеті ағайынды. Соңғы күндері Украинада аяз күшейіп кетті. Салдарынан отынға сұраныс еселеп артқан. Мемлекет көмірді Оңтүстік Африка, Колумбия және Америка Құрама Штаттарынан теңіз арқылы тасып жатыр. Алайда бұл да аса ауқымды шешім болмай тұр. 

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары:

- Жылу электр станцияларын қамтамасыз ету үшін Украина порттарына көмір тиелген кемелер келе жатыр. Бүгінгі таңда атом энергетикасы толық жұмыс істеп тұрғандықтан су электр станцияларының да қызметіне мұқтаждық үлкен. Бірақ жылу электр станциялары газдың қымбаттығы мен көмірдің жоқтығынан толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. ЖЭО-ға көмір дер кезінде жеткізілмесе, үкімет тұтынуды азайту үшін аймақтарда электр қуатын өшіруге мәжбүр болады.

Украинадағы жылу өндіретін кәсіпорындар жарты жылда 17 млн тоннаға жуық көмір тұтынады. Украина 2014 жылы ел шығысында басталған соғысқа дейін көмірге мұқтаждықты Донецк және Луганск өңірлеріндегі шахталар арқылы жауып отырған. Бүгінде ол мүмкіндік түгесілген. Сондықтан ресми Киев Қазақстанның көмірінен үлкен үміт күтіп отыр. 

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары:

- Қазақстаннан көмір Украинаға ұдайы жеткізіліп тұрушы еді. Көмір Ресей арқылы тасымалданатын. Бірақ бүгінде тоқтап қалды. Сондықтан үкімет Қазақстанның көмірін жеткізудің басқа жолдарын қарастырып жатыр. Каспий теңізі арқылы тасымал жандануы мүмкін. Яғни су үстімен өтетін теміржол арқылы Әзербайжан, Грузия, одан әрі Қара теңіз бойымен тасымалдауды ойлап отырмыз. Көмір тапшылығы қаңтардың аяғы мен ақпанның басында қатты сезілуі мүмкін. 

Энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, қазір жылу электр станцияларында 450 мың тонаға жетер-жетпес көмір қалған. Бұл былтырғыдан 3 есеге аз. Дегенмен, мемлекет дабыл қағуға әлі ерте десе, сарапшылар Украина көмір дағдарысына тап болды дейді. Әйтсе де, елдегі 23 энергоблоктың 20-сы жұмысын тоқтатқан. Өйткені жағатын отын жоқ.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы