435,10 496,10 5,68
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

1941 жылы елімізден аттанған атқыштар бригадасының құрылғанына 80 жыл толды

  • 70
  • UPD: 14:51, 28.12.2021
1941 жылы елімізден аттанған атқыштар бригадасының құрылғанына 80 жыл толды

1941 жылы елімізде 2 атқыштар бригадасы құрылды. 100-шісі Алматыда, 101-шісі Ақтөбеде. Биыл осынау әскери құрылымдардың жасақталғанына 80 жыл. Бұл бригадалар Алматы қаласында жасақталып, «Марс операциясы», Ржев қаласы түбіндегі «Великими лучами» және Невель шайқастарына қатысып, жауға тегеурінді қарсылық көрсетті. Олардың қатарында есімі елге белгілі тұлғалар аз емес еді. 

100-жеке атқыштар бригадасы 1941 жылдың желтоқсанында құрылған. Оның құрамына негізінен Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысының 1922-23 жылдары туған жастары алынды. Арасында бұрын әскери қызмет атқарған ересектер де болды. Әскерге бармаған, алайда жылқының жайын білетін азаматтар да қатарға қосылды. Өйткені бригаданың артиллерия, миномет қондырғылары атқа жегілетін.

Қазақтың 100-жеке атқыштар бригадасының сапында Мәншүк Мәметова, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Қасым Шәріпов сынды көзінде оты бар жалынды жастар болды. 20-ға енді толған қазақтың ұл-қыздары нағыз қайсарлық көрсетті. Жауды көргенде кері кетпеді, тек алға беттеді.

Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:

- Сол Алматыда құрылған бригадада 86 процент қазақ болатын. Мәселен, мынау Баймолдин деген бастығы болды, 100-атқыштар бригадасының, Мәншүк Мәметова апамыз сол жерде қайтыс болды. Сол шайқтаста 11 адам Герой Советского Союза деген атақ алды, мәселен.  Біз солардың ерлігін ұмытпауымыз керек.

Ржев түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқандардың қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағасы Қасым Болтаев та бар. Жауынгер Тверь облысының Трубино ауылында жерленген. 

Ал 101-дербес атқыштар бригадасы КСРО Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығымен 1941 жылдың қарашасында Ақтөбе қаласында жасақталды. Бригада сапына келіп қосылғандар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облысының жастары еді. Сондай-ақ Алматы, Шымкент, Семейден барғандар да аз болмады. 1942 жылдың сәуір айында бригада құрамында 3815 адам болған. Жалпы қазақ жерінде жасақталған 100 және 101-бригадалар Ржев түбіндегі соғыста тартынып қалмады.

Қаршадай ғана қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметова да қиянкескі ұрыста ақтық демі қалғанша шайқасты. Даңқты батырдың ерлігі мәңгілік ел жадында.

Серік Хамиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Бала кезде естігендерім, ол кезде 5-6 класта оқимын. Әжем әңгімесінде айтып отыратын. Мәншүк менің сіңлім деп. Сондай кісінің ұрпағы болғаныма қуаныштымын. Ерлігін бүкіл ел біледі. 

 «100 және 101-бригада бір уақытта, бір күнде 1942 жылы қарашаның 25-інде Ржев түбінде соғысқа араласты. Онда өте қатты ұрыс болды. Бір айдың ішінде жауынгерлердің 80 проценті оққа ұшты...».

Бұл 100-бригаданың мүшесі Кәкен Әбеновтің естелігі. Иә. 1942 жылы «Марс» әскери операциясын жүзеге асыру барысында қазақтың екі бірдей бригадасы осылайша жойылды.

Аз ғана адам аман қалды. Бұл Кеңес Одағы тұсында айтыла бермеген ақиқат. Алайда уақыт бәрін ашып берді. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен атқыштар бригадасына 80 жыл. Батырлардың аты да, ерлігі де ұмытылмайды, ұлықталады!

Назерке Тоқжан

Хабар 24 телеарнасы