Келер жылы Петропавлдағы жылу электр станциясының қазандығы жаңартылады.
Энергетика министрлігімен келісім-шарт жасалды. Инвестициялық жобаға 9,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Кәсіпорынның қондырғылары әбден ескірген. Демалыс күндері 3 қазандық істен шығып, жылу қысымы азайып кетті.
«Қазір қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын», - дейді мамандар. Сонымен қатар қалада 1 қаңтардан бастап жылу қымбаттайды.
Айта кетейік, кеше жылу электр станциясында апат болып бір жұмысшы жарақат алған еді.
Бахыт Ілиясов, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Қазір қосымша қазандық қосылады. Жылу мөлшері тиісті деңгейде. Ауа температурасына байланысты 73 градуспен беріліп жатыр. Жалпы кәсіпорынның қондырғылары ауқымды жаңғырту жұмыстарын талап етеді. Оны тарифке салмақ салмай, кезең-кезеңмен жүргізу жоспарланып отыр.