Мектепке дейінгі ұйымдарда білікті маман тапшы ма?

Алматыда балаларға қол көтерген балабақша тәрбиешісі өз-өзіне қол салды. Бұған дейін маманның бүлдіршіндерді ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіде жаппай тараған еді. Полиция осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Жалпы елде мектепке дейінгі ұйымдарға қабылданатын мамандарға қандай талап қойылады? Олардың арнайы білімі бар ма? Ал тәрбиешілердің айлығы мен әлеуметтік жағдайын кім ескеріп жатыр?

Елде мектепке дейінгі ұйымдарда 96 мыңнан астам педагог бар.  Оның 30 мыңында техникалық және кәсіптік білім. Ал бір жарым мыңнан астамы тек мектеп бітірген. 130 тәрбиеші педагогикалық сыныпты ғана тәмәмдаған.  Шамамен 9 мыңға жуық маман тапшы.

Лейла Куленова, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы:

– Шындықты айту керек, біріншіден елімізде жоғары санатқа ие тәрбиешілер аз. Екіншіден, мектепке дейінгі білім беру орталығындағы мамандар әрі қарай өздерінің білімін дамытқысы келмейді.  Аспирантура, магистратураға түсіп, ғылыми жұмыстар жазып, іс-жүзінде де дамытуға ынта жоқ.

Биыл білім және ғылым министрлігі алғаш рет мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік аттестаттау жүргізді. Нәтижесінде олардың 80 проценті сапаға сай болмай шықты. Аттестаттациядан өтпей қалғандардың басым бөлігі Алматы облысында тіркелді. 

Майра Мелдебекова, ҚР БҒМ комитет төрағасының орынбасары:

– Бұзушылықтарды түзету бойынша жалпы тағы бір жыл беріледі. Бір жылдан кейін тағы да аттестаттау жүргіземіз. Бірінші кезекте біз әдістемелік көмек көрсетіп,содан соң тексереміз. Бізде ұлттық білім академиясы бар, әрбір ұйым бойынша мәселелерді шешу жөнінде әдістемелік ұсынымдар жасалатын болады.

Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы білім беру саласына мотивациялық бағдарламалар қажет деп санайды. Әр мұғалім өзінің әлсіз тұсын біліп, кәсіби біліктілігін арттыруға ынталы болуы тиіс.

Лейла Куленова, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы:

– Бұл жердегі негізгі мәселе – мұғалімінің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар тек министрліктің құзырында. Яғни олар «Өрлеу» орталығында ғана арнайы курстан өтеді. Бізде ваучерлік қаржыландыру болуы тиіс. Тәрбиеші-мұғалім, айырмашылығы жоқ, мемлекеттік немесе жеке болсын жылына бір рет біліктілігін арттыруы тиіс.

Биыл ұлттық біліктілікті арттыру орталығының филиалында  6,5 мыңнан астам мұғалім арнайы курстан өтті.  Ал жеке ұйымдардағы 100-ден астам педагог өзге орталықтарда өз қаражаты есебінен біліктілігін арттырған.

Наргиз Бекмағанбетова