ШҚО-дағы сайланған әкімдердің әлеуеті қандай?

Биыл еліміздің шығысында ауыл, аудан, қала және ірі елді-мекендерге 194 әкім сайланды. Олардың көбі саяси партиялар тізімі бойынша ұсынылған. Қызметке кіріскендеріне жарты жыл болған әкімдер атқарылатын шаруаның шаш-етектен екенін айтады. Әсіресе, ауыл әкімдерінің жүгі ауыр. Жол, ауызсу, сияқты мәселені шешу сайланған әкімдердің іскерлігін көрсетпек. Шағын бюджеті бар ауылдардағы қат-қабат мәселені жаңадан сайланған әкімдер шешуге қаншалықты қауқарлы? 

Марат Дәуенов шығыстағы Ұлан ауданының Төлеген Тоқтаров ауылына 5-ақ ай бұрын әкім болып сайланды. Оған дейін аудан әкімдігі аппаратында заңгер болып қызмет істеген маманға бұл сала таңсық емес. Сайланған бойда ол ауылды жандандыру үшін қабылданған бағдарламаларды іске асыруға бірден кіріскен. Ауылға 2019 жылы орталық су құбырын тарту басталған. Жаңа әкім сол жұмыстың аяқталуына куә болды. Тәуелсіздік күні толық пайдалануға берілді.

Айтқазы Керебаев, Т.Тоқтаров ауылының тұрғыны:

– Қазір, міне, сол суды қолданып отырмыз. Енді бұрынғы қолданып жүрген үйдегі сквадинаға қарағанда мынаның суы да жұмсақ. Дәмі де бөлек.

Дәмі бөлек тұщы суды қазір ауылдағы 400 ге жуық отбасы ішіп отыр. Ауылда тек ауыз су ғана емес, биыл жаңа балабақша да ашылды. Жергілікті кәсіпкер бұрынғы мектептің ғимаратын бастан-аяқ жөндеуден өткізді. 160 бүлдіршінге шақталған мекемеге қазір ауылдағы 60 қа жуық бала барып жүр.

Марат Дәуенов, Т.Тоқтаров ауылдық округінің әкімі:

–Болашақта бұйыртса осы ауылда жолы саламыз. Украинка ауылында жарықтандыру болады. Өзіміздің бюджет 16 миллион жылына. Болашақта бар мәселені жоспар бойынша ісетейміз енді.

2026 жылға дейін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жалпы ауылдарға ел бюджетінен 800 миллиард теңге бөлінбек.Осы қаржы әр ауылға қажетті жоба үшін жұмсалып, оның халыққа нақты пайдасы болу керек. Ол үшін әр өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар белсенділік танытып қабылданған бағдарламаның орындалуын қадағалауы тиіс.

Олег Чернышов, облыстық Азаматтық альянс төрағасы:

– Бізде бұрын көп уәде беретін. Ал сайланған әкім өзіне жүктелген нақты міндеттерді қаншалықты орындайтынын ашық айтуы тиіс. Бұл тұрғыда әлі де сұрақтар бар. Бюджеттік бағдарламаны іске асыру бойынша да солай. Ең бастысы бәрі ашық болу. Сонда ғана халықтың өтініш, пікірі орындалады.

Өткен жазда ауыл мен аудандық маңызы бар қалаларда жалпы ел бойынша 730 әкім сайланды. Енді осы сайланған әкімдер 2022 жылы халық алдындағы бір жылда атқарған жұмыстары бойынша есеп береді. Сол кезде сайлау алдында берген уәделері қаншалықты орындалғаны белгілі болады.

Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ...