Ақтөбе облысында вакцина салдырған әйел шекесі торсықтай ұл тапты

Pfizer вакцинасын салдырған жүкті әйел босанды, деп хабарлайды Хабар 24.

Дәрігерлердің айтуынша, ананың да, дүниеге келген шақалақтың да денсаулығы қалыпты. Екпе алған әйелдің босану дерегі өңірде алғаш рет тіркеліп отыр. Ақтөбе облысының Ойыл ауданының тұрғыны Раушан Қабдығали жүктіліктің 34 аптасында вакцина салдырған. Өзімен қатар нәрестесін де қатерлі дерттен сақтау үшін жүктілік кезінде екпе алуды жөн деп шешкен.

Раушан Қабдығали, Кемер ауылының тұрғыны

– Бұған дейін ақпараттық көздерден бәрін естіп жүрміз ғой. Әр адам өзі үшін шешім қабылдайды дегенді. Жолдасым да салдырды. Ауылдық мектепте жұмыс жасайды. Мен де жолдасымның келісімімен вакцина алдым. Өз еркіммен. 21 желтоқсанда босандым. Екі күн дәрігерлердің бақылауында болдым. Содан кейін баланың жағдай бәрі жақсы. Шүкір.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, жүктілік кезінде салдырған вакцина шақалақтың да ағзасында жұқпалы дертке қарсы иммунитеттің қалыптасуына септігін тигізеді. Бұл жайтты ескерген 400-ден астам ақтөбелік келіншек Pfizer екпесін салдырған. Жалпы бұл препаратпен өңірде бүгінге дейін 5 700-ге жуық адам егілді.