Нұр-Сұлтанда 13 мыңнан астам жасөспірім, жүкті және бала емізетін әйелдер Pfizer препаратымен егілді

15 қарашадан бастап Нұр-Сұлтанда жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ 12-17 жастағы жасөспірімдерге Комирнати (Pfizer) препаратымен вакцинация жүргізілуде. Осы уақыт ішінде вакцинаның бірінші компоненті 13 мыңнан астам адамға егілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова әкімдікте өткен брифингте қалада халыққа ревакцинация, сондай-ақ Комирнати(Pfizer) препаратымен вакцинациялау қалай жүргізілетіні туралы айтты.

«Елордада 15 қарашада басталған 12-17 жастағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді Комирнати(Pfizer) препаратымен вакцинациялау жалғасуда. Екі ай ішінде осы вакцинаның 1 компонентімен тиісті контингенттен 13 071 адам вакцинацияланды. Pfizer вакцинасын алу бойынша көш басында бізде жасөспірімдер – 8392 адам, одан кейін бала емізетін аналар – 4348-ден астам және жүкті әйелдер-326 адам. Иммундаудың толық курсын 8 150 жүкті және бала емізетін әйелдер мен 12-17 жастағы жасөспірімдер өтті», – деп хабарлады санитарлық дәрігер.

Ол сондай-ақ вакцинациядан кейін жарты жыл ревакцинация үшін оңтайлы мерзім болып саналатынын еске салды. Осылайша, 22 қарашадан бастап бүкіл ел бойынша азаматтарды коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациялау басталды. Бүгінгі таңда елордада медицина қызметкерлері, педагогтер, күш құрылымдарының қызметкерлері, 60 жастан асқан және иммунитеті төмен адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингентінен шамамен 19 мың адам КВИ-дан ревакцинациядан өтті.

«Уақыт өте келе иммунизациядан кейін қорғаныстың әлсіреуіне байланысты әсерді сақтау үшін ревакцинация қажет. Сандар үшін емес, өмір үшін! Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазіргі уақытта 244 824 адам ревакцинацияға жатады(ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде айларында вакцинаның толық курсын алғандар), оның ішінде 19 321 адам немесе 7,9%-і ревакцинацияланған. Вакцинациялау қарқынын арттыру, халықты жаппай қайта вакцинациялау, сондай-ақ эпидемияға қарсы ұсынылған шаралар қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына жол бермейді», – деп атап өтті С.Бейсенова.

Елорда тұрғындарына ыңғайлы болу үшін вакцинация пунктері мереке күндері де өз жұмысын жалғастырады.