435,20 494,00 5,55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Биыл Алматы облысында көлік апатынан 400-ден астам адам қайтыс болды

  • 104
  • UPD: 19:40, 29.12.2021
Биыл Алматы облысында көлік апатынан 400-ден астам адам қайтыс болды

Биыл Алматы облысында көлік апатынан 400-ден астам адам қайтыс болған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 процентке көп. Жақында ғана «Алматы-Қорғас» тас жолында ең ірі жол апаты болды. 17 автомобиль бір-біріне соғылған еді. Осыған байланысты облыстық ПД қылмыстық іс қозғады. Көліктердің соқтығысуы «Алматы-Өскемен» автомагистралінде де жиілеп кетті.

- Алматы-Өскемен тас жолының 406 шақырымы, жол-көлік оқиғалары көп болады. Әсіресе түнгі уақытта.

Талдықорғаннан Үшаралға дейінгі аралықта осындай оннан аса қауіпті аймақ бар. Жүргізушілердің кейбірі асфальт төселген жол аяқталып, айналмаға бұрылатын жерді байқамай тіке өтіп кетеді. Сол себепті патрульдік полиция инспекторы Бақтияр Отаршынов кезекке түскен сайын апат жиі болатын жерлерді бақылауға тырысады. 

- Айына бір-екі рет жол көлік оқиғасы болады. Осы жерге шақыртумен келеміз. Бәрі осы жылдамдықты сақтамағандықтан болады. Жол белгілері тұр.

Мұндағы жол белгілері уақытша қойылған. Өйткені автомагистраль 2018 жылдан бері қайта салынып жатыр. Қазір 300 шақырымнан асатын жолдың 280 км пайдалануға берілген. Сәйкесінше көліктер де жүйіткіп жүретін болды.  

- Негізі жол жасалды енді. Қатты жүріп жатыр. Қарқынды жоғарылатып, абайлап жүру керек мұз тайғақ енді.

- Жол ережесін бұзбай ақырын жүрсе бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.

- Сарқаннан Жансүгірге кетіп бара жатырмыз. Жол жақсы. Бұрынғыдай емес.

Жол сапасы жақсарғанымен оның қысқы күтіміне байланысты жүк көлігі жүргізушілерінің айтар уәжі бар.

- Жолдың жиегіне көлікпен шығып тоқтай алмаймыз. Қиыршық тасты топырақ түсіп кетеді. Жол күтіміне жауаптылар нашар жұмыс істейді. Өйткені жаңбыр жауса бірден мұз қатып қалады. Жүру қиындайды. Ештеңе себілмеген.

- Жолға құм себілсе жақсы болар еді. Үлкен жүк көліктері жоғары қарай әупірімдеп әрең шығады.

Талдықорған мен Үшарал аралығындағы жол күтіміне қатысты полицейлер бірнеше рет тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жауапты мекемелерге 50-ден аса ұйғарым берілді. Облыс аумағындағы өзге жолдарда да олқылықтар анықталған. 

Серіжан Әбжанов, Алматы облыстық ПД ӘПБ бөлім басшысы:

- Жолды техникалық бақылау бөлімінің қызметкерлері Алматы облысында 2500 тексеру жасалып, ұйғарымдар берілген. Сол ұйғарымдарды орындамағаны үшін  250 жол мекемесінің немесе ауылдық, аудандық әкімшілік жазаға тартылды. Соның ішінде «Қазавтожол» компаниясы бар.

Нұрхат Ақылтаев, «Қазавтожол» ҰҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Облыстық ГАИ қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру жұмыстарын жүргізіп, солардың предписанияларына байланысты қосымша жол белгілерін, қосымша шараларды қолданып жатырмыз. Қазіргі таңда барлық техника, қысқы күтіп ұстау жұмыстарына адамдар барлығы қарастырылған. Түнгі кезекшілік қарастырылған. Облыстық ГАИ-мен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. 

Биыл облыс жолдарында 2044 көлік соқтығысып, 2900-ден аса адам жарақат алды. 400-ден аса жолаушы қайтыс болды. Қара жолдағы қайғылы жағдайды азайту мақсатында келесі жылы өңірдегі автомагистральдарға 300-ден астам бейнебақылау камералары орнатылады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы