Балабақшадағы былық: кім кінәлі?

Арнайы комиссия Алматыдағы барлық балабақшаны тексереді. Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдады. Тексеріс жасауға кейінгі уақытта балабақшада келеңсіз оқиғалардың көбейгені себеп. Кеше ғана тәрбиешінің балаларға қол көтеріп, кейінен өз-өзіне қол салғаны туралы хабарлаған едік. Тағы бір балабақшада бір топ бала өзге бүлдіршінді жабылып ұрған. Енді арнайы комиссия мемлекеттік және жекеменшік бөбекжайлардың барлығын тексереді. Сонда бүгінгі күнге дейін тексеріс болмаған ба? Бұл жайлы мамандар не дейді? 

Бүгін әлеуметтік желі тағы шулады. Бұған мына кадрлар себеп. Бір топ бүлдіршін өзге бала жабылып ұрған. Жай итерісті деуге де келмейді, тебуге дейін барған. Бала пәк, бала періште дейміз. Сонда оның бойында қатыгездік қайдан пайда болады? Психолог Зарина Штеердің айтуынша, мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндерде өзін өзі ұстау мәдениеті қалыптаса қоймаған. Бұл ретте тек ата-ананы кінәлауға болмайды. Балабақша көбіне алғашқы қоғамдық орта болғандықтан бұл жерде жауапкершілік жүгі тәрбиешілерге артылады.

Зарина Штеер, психолог:

- Біз адамның биологиялық әрекетке реакциясын байқадық. Бұл жерде не ұрып жық, не қаш деген түсінік тұрды. Тобырлық сезім деуге болады. Балалардың жасаған әрекетін міне осылай сипаттаймын. Бүлдіршіннің әрекеті ата-ана, педагог беретін тәрбиеге байланысты. Жағдай балабақшада болғандықтан педагогтардың балалармен қарым-қатынасы осындай деңгейде болды деп топшылауға болады. Міне балаға қатысты жағдайды мен осылай бағалаймын.

Дәл осы жерде тәрбиеші-педагогтың біліктілігіне қатысты сауал туындайды. Алматыдағы балабақшада бүлдіршіндерге әлімжеттік көрсетіп, дауға қалған тәрбиешіні айтқанымыз кеше ғана. Шу басылмай жатып, өз-өзіне қол жұмсағаны да көп нәрседен хабар беріп тұр. Білім және ғылым министрлігінің құзырлы комитеті тексеріс жүргізетінін естіп, тәрбиешінің психологиялық жай-күйі қалай бағаланатынын сұрап едік. 

Майра Мелдебекова, білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:

- Енді арнайы психологиялық тест қарастырылмаған. Бірінші басшы барлық балалар болсын, педагогтарға жауап беретін болғандықтан осыны өзі құзырына алып бақылауында ұстауы керек.

Жалпы кез келген білім беру мекемесі бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтуге міндетті. Биыл қыркүйектен бастап жүргізілген тексеріс нәтижесінде 78 балабақшаның 80 проценті аттестаттаудан өте алмағаны белгілі болды. Майра Мелдебекова мемлекеттік бақылаудың негізгі алғышарттарына тоқталды.

Майра Мелдебекова, білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:

– Мемлекеттік білім беру стандартының орындалуын қарау. Бұл дегеніміз бұл балабақшаларда өзінің жас ерекшеліктеріне қарай ең бірінші алатын дағдылары... Сонымен қатар екінші материалдық-техникалық база, педагогикалық кадрлардың сапасы. Үшіншіден, ата-аналардан сауалнама алынады. Оның бәрі зерделеніп, соңғы нәтиже шығарылады. Соның барлығы қорытындылап келген кезде өзінің нәтижесін береді.

Нәтиже демекші, аттестаттаудан өтпеген балабақшаның бір де бірі де жұмысын тоқтатпады. Жалпы елімізде ұзын саны 10 мың балабақшы бар екен. Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінен хабарлағандай, олардың барлығын тексеруге 5 жыл кетеді. Демек, бір өңірдегі балабақшаны аттестаттағанша келесі өңірдегі бүлдіршіндер мектеп жасына жетіп қояды.

Бақыт Топтаева, Ержан Рахманберді