Сайлау нәтижесінде ауыл әкімдерінің 52 проценті жаңарған

Биыл елде алғаш рет 800-ден аса ауылда әкім сайланды. Бұрнағы жылдары елді мекен басшылары тағайындалып келді. Енді әкімді халық сайлайды.

Жаңа реформадан не өзгереді? Халыққа пайдасы қандай? Іске кіріскен әкімдер сайлауалды уәдесін орындап жатыр ма?

Елорда іргесінде Талапкер деген ауыл бар. Ақмола облысының Целиноград ауданына қарайды. Елді мекенде тұрғын көп. Шешілуі тиіс мәселе де шаш етектен. 

- Везде снег лежит. Не чистит. Что то надо, надо звонить...

- Мен 10 жылдан астам уақыт осы Талапкерде тұрамын. Содан бері енді 5 әкім көзімше анық ауысты. Әкім тоқтамайды. Әкімдер шаруаны бастайды да кетіп қалады. Аяқталмайды жұмыс. Былтыр ғана тас жолды бастады. Жартысын бастады. Жартысы аяқталмайды. Су келмей жатыр. Жарық келмей жатыр. 3 мың халық тұрған қазір 40 мыңнан астам халық тұрады.

Сол 40 мың адаммен тікелей жұмыс істейтін Мирас Кужубаев. Биыл әкім болып сайланған. Жұрт жаңа әкімнен жақсылық күтеді. Сөзіне сенеді. Себебі Мирас Әлібекұлы талапкерліктерге жақсы таныс.

- Мына Мирас әкім бұл жерде екі жыл орынбасар болды. Ол жас жігіт. Жұмысын білетін жігіт. Бұл өзі де ұмтылды. Халық та сайладық.

- Жол істелінді. Су мына жаққа істеп жатыр. Талапкердің ішіне. Автобус жүріп жатыр. Ана жаққа бағдаршам қойып қойды.

- Дорогу начали делать..

- Негізі Талапкерге жаны ашитын деп айтып жатыр бәрі...

Ауылдың негізгі 3 проблемасы бар. Жол керек. Орталықтандырылған су жүйесі мен жарық желісін тарту қажет. Себебі осы күні талапкерліктердің тең жартысы электр энергиясын өздері тартып алған. «Бұл мәселені жуырда шешеміз» деді әкім. Ал биыл аулаларға су құбыры жеткізілген. Мирас Кужубаев көп ұзатпай тіршілік нәрін үй-үйге кіргізіп беретіндерін айтты. Әкім боларының алдында да осылай уәде берген. Сөзін іспен дәлелдеу үшін тартынып қалмаймын дейді. Оның үстіне қазір ауыл әкімдерінің өз бюджеті бар.

Мирас Кужубаев, Талапкер ауылдық округінің әкімі:

- Ауыл жұрты мені таниды. Мен осы жердегі проблемаларды жақсы білемін. Сайлауға менімен бірге 3 кандидат түсті. Оның екеуі өзге жерден еді. Ал мен Талапкер әкімінің орынбасары болған соң мұндағы жұрт маған сенді. Мені сосын да таңдады. Енді сол сенімді ақтағым келеді. Әзірге қалада тұрамын. Ауылға күн сайын қатынап жұмыс істеймін. Талапкерге көшеміз деп жүргенде сәбиіміз дүниеге келді. Сөйтіп, сәл кідіріп қалдық. Бірақ алдағы уақытта ауылға қоныс аудару ойда бар.

Берік Ақбергенов Мирас Кужубаев сияқты биыл әкім болған азамат емес. Бұл қызметте мол тәжірибесі бар. Ақтөбе облысы Алға ауданының Үшқұдық ауылдық округінде 2018 жылдан бері еңбек етіп келеді. Биылғы сайлауда үш үміткердің арасында ең көп дауыс жинап, жеңіске жеткен. Әкім қызметінде қалу себебін бұған дейінгі жоспарлаған жұмыс кестесімен түсіндірді. Әуелде Үшқұдық ауылындағы көшелерді жөндеп, мектепті жаңартуды қолға алған. Бастаған істі аяқтау міндетім дейді.

Берік Ақбергенов, Үшқұдық ауылдық округінің әкімі:

- Болашақта осы Үшқұдық ауылдық округі облыстағы үздік ауылдардың қатарына кіргізу арманым бар. Сондықтан күні кеше ғана Үшқұдық ауылында облыстық бірінші пилоттық жобадағы «Абаттандырылған ауыл - 2021» деген форум өтті. Сол форумда алға қойған жоспарлар болашақта орындалады деген үміттемін. Және армандар көп. Сол армандарды орындауға мүмкіндік жасалынады деп ойлаймын.

Биыл елде 864 әкім сайланды. Мұндай саяси реформа Орталық Азияда бірінші біздің елде басталды. Яғни ауыл жұрты әкімді өзі таңдайды. Нәтижесінде...

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Нәтижесінде еліміздің ауыл аймақтарындағы халықтың саяси мәдениеті өседі біріншіден. Екіншіден жергілікті жердегі әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық мәселелердің барлығын шешуде әкімдердің миссиясы кеңейеді. Сонымен бірге осы әкімдердің сайлауымен әкімдіктерге жергілікті бюджетке қаржыны аккумуляция жасау мәселесі шешілген. Салықтардың белгілі бір мөлшері, автомобиль салығы, жер салығы, басқа да салықтар енді сол жергілікті жерге түсетін болады. Яғни әкімнің қолында сайлаудан кейін сол жергілікті жердегі нақты свет, газ, сол жердің жолы немесе сол жердің мәдени объектілерін жөндеуге өзінің белгілі бір қаржысы болады.

Сайлаудың нәтижесінде ауыл әкімдерінің 52 проценті жаңарды.

Әкімдердің 81-і әйел. Келер жылы тағы 300-і сайланады. Егер осы жаңашылдық нәтижесін беріп жатса, 2024 жылы халық пилоттық режимде аудан әкімдерін де сайлайды.

Қорған Қонысбайұлы, Мансұр Есқожин