Оралда «Жомарт жүрек - 2021» меценаттар премиясы табысталды

Оралда дәстүрлі «Жомарт жүрек-2021» меценаттар премиясы мен «Халық алғысы» медалін табыстау шарасы өтті. Салтанатты шараға туып өскен ауылында ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, көп балалы отбасылар мен жетім балаларға көмек қолын созған қайырымды жандар, қоғамдық маңызы бар іске белсене араласқан ұйым өкілдері қатысты. Олардың арасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, пандемия кезінде жомарттық пен елжандылықтың жоғары үлгісін көрсеткен жандар аз емес.

«Жомарт жүрек-2021» меценаттар сыйлығының иегерлері 10 номинация бойынша анықталды. Олардың қатарында «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Жылдың үздік қамқоршысы», «Жылдың үздік ұйымы» сынды аталымдар бар.

Ғали Есқалиев, облыс  әкімі:

- Ел тарихы осындай тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Ақжайық өңірінде осындай азаматтар көп. Енді Қазақстан халқы талай қиындықты бастан өткерген халық. Қазіргі пандемиядан өтеміз, сондықтан жыл жалпы жемісті болды.

«Туған өлке» аталымына өз ауылындағы ізгі істерге бас болып жүрген кәсіпке Ержан Хасанов ие болды.

Ержан Хасанов, «Мағжан» ЖШС директоры:

- Менің ойымша мына Жомарт Жүректің ең бір биік шыңы мына пандемия кезіндегі болған жағдайлар. Осы кезеңде көп жігіттер, азамат-азаматшалар өздерінің жомарттығын көрсетті. 

Дархан Қадырәлиев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Биылғы жылдың негізгі ерекшелігі жаңа жыл қарсаңында «Армандар шыршасы» деген акциямен байланысты өтіп жатыр. Көпбалалы отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі балалардың арман тілектерін осы «Армандар шыршасына» іліп қойғанбыз. Меценаттар сол армандарды оқып уәдәлесіп жатыр армандарын бірінші қаңтарға дейін орындауға. 

Шара барысында бірнеше өңір тұрғыны «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Мерует Берген басшылық ететін  дәріханалар желісі пандемия кезінде халықты қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге зор үлес қосты.

Меруерт Берген, кәсіпкер:

- Біздің дәріхананың инициативасымен пандемия басталғанда біз антисептик дайындап бастадық. Себебі болған жоқ еш жерде. Сонымен осы 2 жыл жарым ішінде 32 тонна антисептик дайындадық. Президентке шын жүректен ризамын, ол тек ғана менің медалім емес, коллективтің медалі. 

Өңір кәсіпкерлері «Армандар шыршасына» ілінген 100 баланың да арман-тілегін орындады. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов