Қызылордада балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері бүлдіршіндерді қуантты

Қызылордада балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері бірігіп, отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы бүлдіршіндерді қуантты, деп хабарлайды Хабар 24.

Сыйлық әзірлеп, сахналық қойылымдар ұйымдастырып, ертегілер әлеміндегі сүйікті кейіпкерлерді сомдады. 

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жаңажылдық таңғажайыпты қалай асыға күтетінін Мереке Тауманова жақсы біледі. Өйткені өзі де балалар үйінен түлеп ұшқан. Бүгінде ол көп балалы ана. Жеке кәсібі бар. Бірнеше ай бұрын балалар үйілері түлектерінің өңірлік қауымдастығын құру жөнінде бастама көтеріліп, Мерекеге оны басқару туралы ұсыныс жасалған екен.

Мереке Тауманова, облыстық балалар үйлері түлектері қауымдастығының төрайымы:

- Қазіргі таңда 30 адамбыз. Күннен күнге көбейіп жатырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды үйрету, яғни осы жақтан бітіріп шыққан балалар бір-бір отбасын құрып, отбасы болғанда да елге, халыққа үлгілі болатын отбасы болсын деген. Сәл көзіме жас алып тұрмын. Ол әрине, қуаныш жасы. Қазіргі таңда бала саны азайып жатыр, соған қуанып жатырмын.

Жасыл шырша жанында жүздері бал-бұл жайнаған балалар бар өнерін ортаға салды. Әсем ән мен би орындалып, ақ тілектер ақтарылды. Аяз ата мен Ақшақар 40 астам өренге сыйлық үлестірді.

Лиза Сқақова, «Атамекен» балалар ауылының директоры:

- «Атамекен» балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан өздерінің бауырларына, іні-сіңлілеріне жаңажылдық шыршаға керемет сыйлықтарымен, әдемі ән-күйлерімен келіп, балаларымызды үлкен қуанышқа бөлеп жатыр. Бұл біз үшін, осы балалардың аналары үшін, ұстаздар үшін үлкен жетістік деп білемін.

Бірлігі жарасқан балалар үйінің түлектері алдағы уақытта «Атамекен» балалар ауылындағы тәрбиеленушілерден бөлек, өмірдің қиын жағдайына тап болған өз қатарластарына да көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов