Өлім жазасынан бас тарту қылмыскер жазасыз қалады дегенді білдірмейді – Ж.Бақашбаев

Қазақстанда өлім жазасы толығымен жойылады. Тиісті заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Хабар 24.  

Ол жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Аса ауыр қылмыстарға қарсы күресу үшін 2003 жылға дейін аталған құжат елімізде толығымен қолданыста болды. Одан кейінгі кезеңде шешім шығарылғанымен оны орындауға мораторий жарияланды. Сондай-ақ осы аралықта өлім жазасы қолданылуы мүмкін қылмыстар үшін баптардың тізімі кезең-кезеңімен қысқартылып отырды. Қатаң жазаны бұрын қылмыстың 20-дан астам түріне қолдану көзделген. Кейін ол 17-ге дейін азайды. Енді толықтай жою туралы шешім қабылданды. Өлім жазасы ежелден қоғамдағы ауыр қылмыс жасағандарға қарсы қолданылған. Ең белең алған тұсы Х-ХІІІ ғасыр. Халқымыздың тарихында да шектен шыққан қылмыскерлерге ауыр жаза тағайындалған. «Ердің құны екі елу сөзі» соған дәлел. Тәуелсіз Қазақстан тарихында өлім жазасына 73 адам кесілген. Ал өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттама 1983 жылы қабылданыпты. Оны заң жүзінде 156 ел қолдаған. Әлемде өлім жазасына кесіліп, артынан ақталу дерегі де тіркелген.

Атап айтқанда, қосымша тексерулер 11 тұтқынның кінәсіз екенін көрсеткен.

Жарқынбек Бақашбаев, ҚР Бас прокуратурасы үкімдердің заңдылығын қадағалау қызметінің бастығы:

– 2000 жылдары аса ауыр екі мың қылмыс тіркелетін, Қазір бұл сан 700-800 қылмыстың айналасында. Яғни өлім жазасынан бас тарту немесе оған мораторий жариялау ауыр қылмыстардың өршуіне себеп болған жоқ. Екінші жағынан бұл жазадан бас тарту дегеніміз қылмыскерлер мүлдем жазасыз қалады дегенді білдірмейді. 15-20 жылы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар қарастырылған.